© 2023. anyz.pushkinlibrary.kz Барлық құқықтар сақталған.
Экраннан оқу құралы
(Шығыс Қазақстанның аңыздары, ертегілері = Легенды, сказания Восточного Казахстана. – Семей : Артекс, 2018. – 122 б.)
Ал, қазір біз сенімен Мұзтауға барамыз, – деп атасы жұмбақ кейіппен жымиды. – Біз таудың емдік ауасымен, қылқанның және шалғын шөптерінің хош иісімен тынығатын боламыз.
– Мұзтау деген кім? – деп Санжар түсінбей сұрады. Ол ойланған күйде қабағын түйді.
– Аты аңызға айналған тау, нағыз сұлудың өзі, – атасы масаттана деді. – Ол Зайсан шұңқырына дейін жайылып жатқан қазіргі қазақстандық Алтай аймағында орналасқан.
– Үлкен тау ма? – деп балақай сұрады.
– Бұл – әлемдегі әйгілі Алтай мен Сібірдің ең биік шыңы, – деді атасы.
– Мұзтау – ол тау ақ болған соң солай аталған ба? – деді Санжар болжап.
– Ол тау өзінің ақтығымен көздің жауын алады, өйткені мәңгі қарлар мен мұздықтарды жамылып жатыр. Тіпті ыстық күннің өзі оларды еріте алмайды, – деп атасы жауап берді. – Тау шыңы ешқашан қарсыз жатпайды және құлақ сияқты қалқиып тұрады. Сондықтан да адамдар оны «Мұзтау» деп атап кеткен. Ақын таудың тамаша иығына жамылған аппақ қардай киімдері – жұмсақ, қар адамының үлбір тоны сияқты деп суреттейтін еді.
– Қар адамы? Тамаша! – Санжар қуана күлімдеді. – Ал Мұзтау туралы қандай да бір аңыз бар ма?
– Мұзтауға байланысты барлық нәрсе бұрыннан аңыз бен құпияға айналған, – деп сендірді атасы.
– Ал қазақтар Мұзтауды қалай атаған? – деп сұрады балақай.
– Қазақтар тауды «Мұз Тау» немесе «Мұз Тау шыңы» – деп атаған, деді атасы. – Ал, жарайды осы сөздерді орыс тіліне аударып көрейік!
– «Тау» – «гора», «мұз» – «лёд», «шыны» – «стекло», – деп Санжар жаңылтпаштап айта салды.
– Солай ма, ата?
– Дәл солай, бірақ «шыны» сөзі сонымен қатар «шыншыл, нағыз, анық» деген мағынаны да білдіреді, – деп атасы немересін үйрете бастады. – Барлық сөздерді бірге қосқанда қандай сөз шығатынын ойлап көр!
– «Нағыз мұз тау»? – деп балақай өз нұсқасын айтты.
– Жарайсың, айналайын! – деп атасы оны мақтап қойды да, өз әңгімесін жалғастырды. – Жергілікті тұрғындар Алтай тауларының ханшайымы – көз тартарлық ханым, орманнан жоғары, аспаннан төмен алып дәу ханша деп санап, осы тауға аса құрметпен қарайды. Олар үшін тау иесі магнит сияқты адамдарды өзіне тартатын құпиялы тірі жан. Бірақ осы аймақта тұратын көне тұрғындар тауға қараған кезде жандары түршігіп кетеді екен.
– Неге, ата? – деп таңқалды Санжар.
– Аңыз бойынша, құдайлардың қаһарына ұшырамас үшін киелі тау шыңына тек таза оймен келу керек, – деп ғибратпен бастады атасы. – Тау қаһарлы күштердің баспанасы деген сенім бар еді. Оның мұзды сарайы мен үңгірлерінде құдіретті тау рухы Ерлік мекен етеді, ол – төменге көп қарды лақтырып, тауды қорғайтын өткеннің үнсіз куәсі және Мұзтауға таза жүрекпен келмегендерді жазалауы да мүмкін.
– Қалай жазалайды? – Санжар сенімсіз ала көзімен атасына қарады.
– Көшкіндермен, тастардың құлауымен және тастардың опырылуымен, – деп түсіндірді ол.
– Тау, шынында да, сондай қауіпті ме? – деп Санжар таңқалып сұрады.
– Мұзтау қауіптілік деңгейі бойынша әлемдегі біріншілер қатарында, – деп дәлелдеді атасы.
– Ал ғалымдар ол туралы не дейді? – деп сұрады Санжар.
– Ғалымдардың айтуынша, Мұзтау ауданы сейсмикалық белсенділіктің жоғарылау аймағында орналасқан – бұл жерде жиі жер сілкіністері болып тұрады, одан Мұзтаудың мұз жамылғысында жарықтар пайда болады, содан кейін қар көшкіні пайда болады, – Санжардың атасы тыныстап алу үшін тоқтады да, әрі қарай жалғастырды. – Көне тұрғындардың айтуынша, таудан қандай да бір ерекше әсер келеді және ол әсер тіпті тау етегінен қашықта сезіліп тұрады екен. Тау: «Менің шыңыма шықпа!» деп ертегідегідей сөйлей алмайды ғой. Бірақ ол қауіп төнген кезде: «Маған жақындама!» деген белгі береді. Егер адам бұны түсінбеген болса, қаза болады. Әр адамның өз тағдыры бар, сондықтан тау оларды осындай белгілерімен қорғағысы келеді. Мұзтаудың шыңдарын бағындыруды армандайтын альпинист осы белгіні естісе, ол тірі қалады.
– Тау етегінде тілек тілеуге бола ма және ол шынымен де орындала ма? – деп Санжар атасына жымыңдай қарады.
– Көп адамдар бұған әлі де сенеді, – деп ол ойлана жауап берді де, қайта жалғастырды, – Адамдар таудың әдемі шыңына және оның қарлы бұлттарына қызықтай қараған уақытта тілек тілеп жатады ғой.
… Мұзтау шыңы өзін қоршаған таулы аймаққа бірнеше мың метр биіктіктен қарап тұрады. Таң ертемен тұманмен жуынып, ал күндіз қарлы бас киімін сілкіп тастап, балқарағайдың көлеңкесіне тығылған Язевое көліне көз тастайды.
Қорықшылардың айтуынша, көлдің түбіндегі жасыл балдырлар дәрілік қасиетке ие. Осы төңіректе самырсын, сағызқарағай, шырша өседі.
Көпбасты тау ежелгі Алтай тауларының қақ ортасында, төрт елдің: Қазақстан, Ресей, Қытай және Монғолия шекараларының қиылысында орналасқан.
Еуразияның желдері тау үстінен сағат тілімен айналып өтіп, Ян – жарық пен аспанның күші, буддистердің қасиетті белгісіне ұқсас спиральды (шиыршықты) қалыптастырады. Мұзтаудың үңгірлері континентте бірнеше мың километрге созылып, Тибеттің үңгірлерімен байланысы бар деген қызықты болжамдар да бар. Мұнда буддистердің аңызына сәйкес, Шамбала құдайларының көктегі елі – жұмақ, яғни қайтыс болған адамдардың мекені орналасқан. Ал, православиелік христиандықтың ескі көзқарасын ұстанатындар әркім аяқ баса бермейтін, бір жақын жерде бақытты мекен – Беловодье елі бар деп сенді.
– Қандай жұмбақ жер! – деп таңқалды Санжар.
– Мұнда көптеген мәдениеттер мен діндердің жолдары біріктірілген, – деп атасы жалғастырды.
Ұлы Мұзтауды әлем жаратылысының негізгі орталықтарының бірі – Жер «кіндігі» деп те атайды, себебі ол төрт әлемдік мұхиттарға – Үнді, Атлант, Солтүстік мұзды мұхит және Тынық мұхитына тең келеді. Көптеген адамдар бұл таудың қарапайым тау емес, тіпті ғарыш қуатын өзіне тартатын антенна екендігіне сенеді. Бұл ерекше қуат адам жанын жандандыру және тазарту үшін, рухани байыту үшін, адамдарға денсаулық пен сергектік күшін беру үшін осы тауға керемет қасиетті сыйға тартты.
– Міне, қандай ғажайып тау, – деп атасы ойын қорытты. – Мен Мұзтауды алғаш көргенімде сұлулығына тәнті болдым. Мен тау бөктерінен айналасындағылардың барлығын, тіпті танымайтын адамдарды баурап алатын ашықтық пен бауырластықтың атмосферасын сезіндім. Және ол таудың тек үлкен жүректі адамдарды ғана ұнататынына сендім.
– Бұл қалай сонда? – деп балақай таңырқады.
– Ол таза, ізгі жанды адамдарды ғана жақсы көреді, – деп түсіндірді атасы. – Мұзтау жамандық жасайтындарға тіпті тау бөктеріне жақындауға жол бермейді. Бірақ сен қорықпа! Сен мейірімді баласың ғой, солай емес пе?
– Мен Мұзтаумен кездескеніме қуаныштымын! – деп Санжар ақырын ғана айтты.
Бізге жазыңыз, біз сізге жақын арада хабарласамыз