© 2023. anyz.pushkinlibrary.kz Барлық құқықтар сақталған.
Экраннан оқу құралы
Бұл аңызды бізге Дания апай Қоржынкөл көлінің жағасында отырып, күннің батуына қарап отырғанымызда айтып берген еді.
– Сендер алтыншы көлде болдыңдар ма? – деп бізден Дания апай сұрады.
– Алтыншы көл? – деп ата-анам таңғалды.
Дания апай әңгімесін бастады…
Баяғыда мұнда бір тайпа өмір сүрген. Тайпа көсемінің қызы өте әдемі болады. Ол сүйіктісіне тұрмысқа шыққысы келеді. Бірақ бір күні ауылға зұлым адамдар келіп, ең әдемі қызды талап етеді. Көсемге қызын беруге тура келеді.
Бірақ жас жігіт қалыңдығын ұрлап кеткісі келеді. Бір күні түнде ол сүйіктісіне қарай жол тартады. Ол сүйіктісін ұрлап үлгереді, бірақ оларды жаулары байқап қалып, соңдарынан қуады. Жастар тауға қашуға шешім қабылдайды.
Бірақ олар қоршауға алынады. Сол кезде ғашықтар әрқашан бірге болу үшін жартастан секіруге бел буады. Алайда сол сәтте кенеттен найзағай жарқырап, күн күркірейді.
Осы кезде таңғаларлық жайт болады: найзағай тасты жарып жібереді, қыз таза суға айналады, ал жас жігіт оны қорғайтын тасқа айналып кетеді. Осылайша тастағы көл пайда болады.
Бүгінгі күнге дейін адамдар осы жерге келіп, тілек тілеп, ақтық байлайды…
Келесі күні біз сол жерді іздеуге шықтық. Көл жанындағы таста отырғанда, Дания апайдың бізге айтқан аңызын есімізге түсірдік…
Бізге жазыңыз, біз сізге жақын арада хабарласамыз