© 2023. anyz.pushkinlibrary.kz Барлық құқықтар сақталған.
Экраннан оқу құралы
(Шығыс Қазақстанның аңыздары, ертегілері = Легенды, сказания Восточного Казахстана. – Семей : Артекс, 2018. – 122 б.)
Тарбағатай мен Зайсан бағытындағы жолмен кетіп бара жатқан саяхатшылар ауылға бұрылатын жолмен жол бойында жазық далада орналасқан алып мазарды көреді. Күн ұясына кіріп бара жатқан уақыт, аспанды қалың қою бұлттар торлады. Алыстан доға тәріздес қақпа көрінді. Жолаушылар көліктерін қақпаның сыртына қалдырып, әрі қарай жаяу кетті. Біраз жүрген соң екінші қақпа көрінді. Мазарға апаратын асфальт жолмен келе жатқандардың барлығы үнсіз, баяу жүріп келеді.
«Бұл – шөппен дәрі жасаған ұлы дала емшісінің мазары», – деді Санжарға атасы. Мазарға қарай беттеп келе жатып Санжарға атасы халық емшісі атанған Ырғызбай Досқанұлы туралы аңызды айтып берді.
Ертеректе бұл жерлерде қыржы руынан шыққан Ырғызбай Досқанұлы деген адам өмір сүрген. Ол өзінің емшілік қасиетімен сол өңірге танымал адам болды.
Ол ескі кітаптарды көп оқыған өте білімдар және науқас адамдарды емдеу жағынан тәжірибесі мол болған.
Тәуіп адамдарды емдік шөптермен емдеген. Сондай-ақ, аяқ-қолы сынғандардың сынығын әп-сәтте орнына салатын сынықшы және науқас адамның тамырын ұстап отырып, оның диагнозын анықтайтын тамыршы болды. Ел аузындағы аңыздарда ол өзіне кімнің, қай жері ауырып келе жатқанын алдын-ала біліп отырған деседі. Науқас адам оған жетпей, ол оған емдік шөптерден жасалған қайнатпасын дайындап тосып отырған.
Емдік шөптерді Тарбағатай тауларының бөктерінен жинаған. Ол қытай емшісі Синьцзянмен араласып, екеуі емдеу турасында білімдерімен алмасып тұрған.
Ырғызбай ата өз заманында тек қазақ даласына ғана танымал тұлға емес. Оның есігі ешқашан жабылмайтын, күндіз-түні аурулар келіп жататын және ол емдегені үшін ешкімнен ақы алмайтын. Ол бірінші кезекте өзінің емес, өзгенің денсаулығын ойлаған. Оны халық өте жақсы көріп, құрметтеген.
Қазақ халқының ұлы ақыны Абайдың әкесі Құнанбай қатты ауырғанда Ырғызбай атаның емдеуінің арқасында тәуір болған. Науқасынан айыққан Құнанбай емшіге риза болып, оған құлынды биені сыйға тартып, кетерінде «Осы бие саған жоқшылықтың дәмін татқызбасын!» – деген екен. Абай мен Шәкәрім Ырғызбайдың ұрпақтары болған. Ырғызбайдың үлкен қызы Марқа – Өскенбайдың туған қарындасы (Өскенбай Құнанбайдың әкесі, Абайдың атасы).
Аңыз бойынша өзінің өлер шағын сезген тәуіп балаларына өзін Қамысты бұлағының жанына жерлеуді тапсырған.
Сол маңда Шыныбай атты адам көшіп-қонып жүріп, бірде Ырғызбай ата зиратының жанына түнейді. Сол күні түсінде қайтыс болған үш ұлын көріп, қайғырып, жылайды. «Енді қартайдым, мына өмірде ұрпақсыз өтем бе» деп тұрғанда, күтпеген жерден емші Ырғызбай ата келіп, оны жұбатып, жақында балалы болатынын айтып, аян берген. Түсін жақсылыққа жорыған Шыныбай халық емшісіне ескерткіш тұрғызып, жан-жағын тас дуалмен қоршап кояды. Көп ұзамай Шыныбайдың әйелі дүниеге үш ұл әкеледі. Барлығы түсінде емшінің айтқанындай болады.
Екі ғасырға жуық уақыт өтсе де, ұлы емші туралы көптеген әңгімелер, аңыздар, емдеу турасындағы құпиялары Тарбағатай тұрғындарының есінде сақталған және бұл тарих ұрпақтан-ұрпаққа беріліп келеді.
Ырғызбай ата сол кезеңде «емдік қасиеті бар» деп білген шөптерді ғалымдар тек өткен жүзжылдықтың 20-30 жылдары ғана мойындаған. Бүгінгі таңда Новосібір НИИ-нде эфедрыдан тамақ, жөтел, көкжөтел, ауруларына дәрі жасайды.
Бүгінгі таңда ата-бабаларының тарихын білгісі келетін жүздеген адамдар қазақ халқының ұлы тұлғасы – Ырғызбай атаның мазарына келіп, тәу етіп, құран бағыштап, Алладан тілек тілейді. Бұл – халық арасында кең танылған ескерткіштердің бірі.
Бұл орын тек қасиетті, өзінің тарихи орны бар ғана ескерткіш емес, өтіп бара жатқан адамдарды өзіне тартып алатын құдірет-күші бар. Сондықтан болар ескерткіш маңайынан кісі үзілмейді. Әлі күнге дейін Ырғызбай атаның басына түнегендердің көрген түстері өңінде орындалып, сұраған тілектері орындалып жатады.
Жергілікті тұрғындарының бастамасымен емші атаның зиратының жанына ауруына шипа іздеп келетіндер үшін орын салынды. Кейбір адамдардың айтуы бойынша «тілегің орындалып, ауру-сырқаудан құлан – таза айығып кетем десең тек атаның басына барумен ғана шектелмей, мазардың қасында түнеген дұрыс» – дейді. Яғни, түнеп шыққан адамның жандүниесі тазарып, адамда күш-қуат пайда болады екен.
Бүгінгі күні Тарбағатай ауданындағы Ырғызбай ата мазары мемлекеттің қарауында. Онда әлемнің түрлі елдерінен жиналған 600-ге тарта жәдігері және үш мыңға тарта көне кітаптар сақталған кітапхана бар. Ол кітаптардың ішінде XVII-XVIII ғасырда жазылған Ибн-Синаның медициналық трактаттары бар. Мұражай кешенінен алыс емес жерде бұлақ ағып жатыр. Келушілер бұлақтың таза суынан ішіп, ыдысқа құйып алады.
Емші Ырғызбай Досқанұлының есімі шығысқазақстандықтарға ғана емес республика көлеміне, тіпті алыс-жақын шетелдерге де таныс. Тарбағатайлық емші мазарында Ресейдің атақты актері Михаил Боярский болып қайтқан.
Ырғызбай ата көп қайырымды іс жасаған, ол ауруларды емдеп аяғынан тұрғызса, жетім-жесірлерге көмек беріп отырған. Оның күш-қайраты тек білімінде ғана емес, жүрегінде де болды.
«Бұл өмірден жақсы адамдың қатарында болам, ұрпақтарыма тек жақсы атымды қалдырам» деген адамдар үшін Ырғызбай атаның өмірі үлгі болары хақ.
Бізге жазыңыз, біз сізге жақын арада хабарласамыз