© 2023. anyz.pushkinlibrary.kz Барлық құқықтар сақталған.
Экраннан оқу құралы
Ерте заманда Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданының жазиралы даласында Қаратоғай ауылының маңында екі қуатты тайпа өмір сүреді. Бұл тайпалардың адамдары сымбатты әрі әдемі болыпты.
Олардың табындары семіз, жайылымдары жасыл әрі бай болады. Олар жанжалсыз, соғыссыз, тату-тәтті өмір сүреді. Бірде бір тайпаның батыры екінші тайпаның ең әдемі және бай қызына ғашық болып, бұл тайпалар арасында жанжал туындайды. Ол әдемі әрі келісті жігіт болды, бірақ сұлу бойжеткенге ұнамайды. Қыз жігіттен бас тартады, қыз тәкаппар да қайсар мінезді болады. Жас жігіт зығырданы қайнап, қатты ашуланады.
Ол мұндай ренішке шыдай алмай, сол күні түнде бірнеше нөкерлерімен бірге көршілерінің табынына шабуыл жасап, малдарын ұрлап кетеді. Келесі күні көрші тайпаның тұрғындары мұны кім жасағанын бірден аңғарады. Біраз уақыттан кейін қыздың тайпасынан шыққан бірнеше батылдар оны қайтарып алуға бел буды. Бір кездері тату тұрған тайпалар арасында қақтығыс басталды.
Уақыт өтіп жатты, өзара қақтығыстар тоқтайтын емес. Бір күні екі тайпаның ақсақалдары барлық жанжалды тоқтатуға шешім қабылдайды. Кеңесте олар екі тайпаның ең мықты батырлары арасында жекпе-жек өткізуге шешім қабылдайды, оның шарты бойынша – егер жігіттің тайпасының батыры жеңіске жетсе, сұлу оған тұрмысқа шығуы керек, ал егер қыз тайпасының батыры жеңіске жетсе, онда қыз өз тайпасында қалады, ал батыр заңсыз алған малының бәрін қайтаруға мәжбүр болады.
Жекпе-жек күні келіп жетті. Жігіт тайпасынан ол өзі күресуге шығады. Ал қыз тарапынан сымбатты жас жігіт шықты. Батыр жас жігітті көріп, күледі. Бірақ жас жігіт еш ұялмастан, қарсы шығады. Тең емес дәрежедегі күрес басталды. Жас жігіт тым жас әрі тәжірибесіз, бірақ қызуқанды және батыл болады. Біраз уақыттан кейін батыр жас жігітті қылышымен осып, басын шауып тастайды. Жас жігіттің басы домалап, дулығасы бір жағына ұшып кетеді, оның астынан ұзын әдемі шаштар шыға келеді. Батыр әлгі шашқа қарап тұрып, сүйіктісін өз қолымен өлтіргенін түсінеді. Ол қатты қайғырып, жансыз денеге қарай жүгіреді, бірақ бәрі де кеш еді!
Екі тайпаның тұрғындары жиналып, қызды құрметпен жерлейді. Оның жерленген жеріне үлкен мазар тұрғызады. Ал жігіт оның қабірінде қалып, үш күн үш түн түнейді. Оны үйге қайтуға ешкім көндіре алмайды. Үш күннен кейін зиратқа оралған тайпа тұрғындары оны есінен адасқан және шашы ағарған күйде көреді.
Бұл аңыз бүгінгі күнге дейін сақталған және ол туралы осы жердің жанында тұратын үш дос біледі. Олар студент болатын және бір күні олар осы мазарға барып, онда не бар екенін көріп қайтуды жөн көреді. Қыз асыл тұқымнан шыққандықтан мазарда сансыз байлық болуы мүмкін деген ой оларға тыныштық бермейді.
Олар бір қараңғы, айсыз түнде зиратқа барып, ұзақ уақыт қазады. Кенеттен олардың біреуінің күрегі қатты темірге тап болды. Қазылған шұңқыр тар және оған бір адам ғана сиятындықтан, қазған жігіт темірді көтеріп немесе жылжытпақ болады. Жолдастары оған жоғарыдан жарық түсіріп тұрады.
Темірді жылжыту үшін жас жігі біраз күш жұмсайды және оны орнынан қозғалтқан кезде, үш дос әйел адамның айқайлаған дауысын анық естиді!
Қатты шошыған үш жігіт жан-жаққа қарай қаша жөнеледі! Жоғары жағында болған екі жігіт үйлеріне жүгіріп барып, тек таңертең ғана шұңқырда қалған үшінші достарын естеріне алады. Тіпті келесі күні олар сол жерге баруға қатты қорқады, өйткені түнде олардың екеуіне де түстеріне әдемі қыз кіріп, оларды өзіне шақырған. Ұзақ уақыт өтеді, екі жолдас қалыпты өмірге әрең оралады – оларды сол қорқыныш қинайды. Әдемі қыз оларды үнемі түстерінде өзіне шақырып тұрды.
Олар жолдасын келесі күні де, одан кейінгі күні де таба алмайды. Үш күннен кейін ғана үшінші жолдастары өзі оралады. Бірақ…, сұмдық! Екі досы оны тани алмады – ол ессіз, шашы ағарған болды!
Бізге жазыңыз, біз сізге жақын арада хабарласамыз