ИНТЕРНЕТ-ПОРТАЛ

Search
Close this search box.

Қантоғай батыр және оның ерлігі туралы аңыз

Көне Аңыз-әпсаналар » Қантоғай батыр және оның ерлігі туралы аңыз

(Тарбағатай ауданы Ахметбұлақ ауылының тұрғыны Жұметкенов Төлеубек ақсақалдан жазып алған Аян Садуақас)

 

Тарбағатай мен Сауыр-Сайқанның түйіскен жері, Маңырақ тауының ортасындағы ұзындығы алпыс, ені отыз шақырымдық кең алқапты қазақ елі Қазаншұңқыр деп атайтын. Түгін тартсаң майы шығар осы құтты өлкені Қабанбайдың немере ағайыны Сатыұлы Бұрымбеттің елі жайлағалы бір-екі ұрпақ ауысып үлгерген шақ еді.

Жылдар бойы шұрайлы өлкеге көз алартқан жау жағының сәл толастаған сәтінде, енді ес жиған ел жайлау қамына кірісіп абыр-сабыр, ауыл үсті төрт түліктің азан-қазан шуына толып жатқан тұсында Бұрымбеттің үлкен ұлы Құтымбеттің шаңырағында жаугершілік заманға лайықтап Жаратқан өзі жарылқап шекесі торсықтай болып шыр етіп ұл келді деген сүйінші хабар әп-сәтте жалпақ жұртқа тарап жатты. Дүйім елдің сүйініп, жауының күйініп естіген ерекше жаңалығы, ол жаңа туған нәрестенің қан уыстап туғандығы болды.   Ойпырмай, Жаратқан өзің жар бола гөр! Қазақтың бағына туған ұлға ұзақ ғұмыр бер деп қалың қазақ Алладан тілек тілеп, бұл екінің басына бере бермейтін ерекше қасиет екенін айтысып, ақсарбас шалып дүйім ел болып қуанды. Бабаларының жауында кеткен кегін аларын дүниеге келе қан уыстап туып білдірген бұл ұлының атын Құтымбет Тоғай деп азан шақырып қойып, ат жетер жердегі елдің бәрін жинап ұлан асыр той қылып өткізеді. Құтымбеттің ұлдары, Тоғайдан үлкен Боқай және екі бауыры Кітәт, Күшік төртеуі тегеуріні тастүлектің дәл өзіндей, алысқанын алып ұрар, жауының мысын алыстан басар айбарлы болып есейді. Әсіресе ел арасында Қантоғай атанған осы ұлдың алапат күші мен жүректілігі сан түрлі қақтығыстарда сынға түсіп шыңдалды. Сауырға қарай созылған Маңырақтың етегі, Сарыөлеңнің тұсы Қандысу өзенінің Терісайрыққа қосылар жеріне таяу жері қалың қамыс жыртқыштардың шерісі жолбарыстар мекені еді. Ол жерден жан біткеннің бәрі орағыта өтіп, лажы болса жоламауға тырысатын. Сол қамыстың арасынан жалғыз-жарым, еш алаңсыз өтетін осы Қантоғай ғана еді. Батырдың мысы жыртқыштың құтын қашыратыны айдан анық.

Бала жасынан ауыз әдебиеті, батырлар жырын тыңдап өсіп, жігіттің бес қаруын түгел меңгерген, алып денесіне қарамай қимылы әбжіл, шапшаң соғыс қимылын жетік игерген сақа жігіттердің біріне айналды.

Бұрымбеттің алты ұлынан тараған ел осы қазаншұңқырдың ішіне жағалай қоныс тауып, жаз жайлау, қыс қыстаулығын еншілеп алып болған еді. Құтымбеттің төрт ұлына тиген өлке Ахметбұлақ өзенінің таудағы бастау алар салаларынан Қандысуға дейінгі аралық. Ахметбұлақ ауылы ол кезде сонау Майлы асуынан қарағанда екі ұшар басы көрініп тұратын алып екі теректің атымен Қостерек аталған екен. Қостеректің жоғары жағы Кедергі асуының күншығыс жақ сайына Жұмық елінің тізгінін ұстаған Қамбар төренің мекені болған деседі.

Қамбар төренің сән-салтанатын асырған төрт-түлігінің керімі  аппақ ұлпадай ақ нары болады. Ол Қантоғайдың көзіне түсіп, көшкенде жүк артайын, мына жануарыңды маған бер деп, батырға біткен аңғалдықпен көңілімді жықпас деп барады. Қамбар оған түйесін бермейді. Меселі қайтып төренің үйінен түнеріп шыққан Қантоғай Қамбарға ренжіп, ешкімге ләм деместен үйін жығып, ауылдан кетіп қалады. Атына мініп кетіп бара жатқан батырдың суық жүзінен төреге деген өкпесін байқаған жұрт: Тоқта! Бір өкпеңді қи, – деуге батылдары бармай іштен тынып қала берді. Қантоғай сол кеткеннен мол кетіп Қызыл су Шар өзенінің жағасына барып бірақ қоныс табады. Дәл осы сәтті көптен күткен іргелес ежелгі жау бейқам жатқан елді тарпа бас салып, басына әңгір-таяқ ойнатып ел ішін қан қақсатты. Бас иесіз қалған елді басынғаны сонша үй басына бір қара тай, бір қара тайынша, бір қара қой, бір қап құрт, бір қарын май салық салады. Елдің күйзелгенін көріп, ақсақалдар Қамбар төренің ойланбай жасаған қателігін бетіне басып, сырты түк, іші боқ хайуанға бола Қантоғайдай батырдың қадірін білмеген төрені жазғырады. Сонда Қамбар: «Айыбыма ақ нар мен қоса қалағанын берем, тек елге қайтып, халықты құтқарсыншы», – деп ақсақалдардың өзіне қолқа салды.

Салған бетінен оңайлықпен қайтпайтын, бір көңілі қалған жанға қайрылмайтын мінезін білетін үлкендер ақылдаса келе Қантоғайдың бар көңілі қарындасынан туған жиенінде екенін, оның бүкіл еркелігін көтеретін, жиені десе жібіп түсер жұмсақ екенін айта келіп, бұл жолғы сапарға қасына атқосшы қосып, мінезі Қантоғайдың өзіне тартқан жиенін ақ нарға отырғызып жібереді.

Батыр таң алакеуімнен ояна сала бәйбішесіне:

– Тұр, бәйбіше! Күншілік жерде бізге қонақ келе жатыр, күтіп алудың қамын жаса, – деп өзі шалқұйрық, жирен қасқасын мініп жолаушылардың алдынан шығуға аттанып кетеді.

Күн еңкейе бере көз ұшындағы қайқайма белден бері шұбатылған шаңның арасынан ақ нарда отырған жиені екенін жазбай таныған батыр енді қарап тұрудың жөні жоқ деп қарсы тізгін жібереді. Айдалада көптен көрмей сағынысқан нағашы-жиен бір-біріне ағатайлап, айналайындап ұмтылады. Мауқын басып, аман-саулық біліскен соң атқосшылардың жетегіндегі ақ нарды байқаған батыр төренің тәубәға түскеніне іштей таңданса да, жиеніне ақ нарды жетектетіп жібергенінде бір гәп барын іштей біліп, әліптің артын күтеді. Жол бойы сыр білдірмегенмен елден келгендердің суыт келісін бастырмалатып сұрау дала дәстүрінде жоқ екенін ескеріп үйге дейін көп әңгімелесе қоймайды. Тек, жиені аттан түсе қамшысын сүйретіп есіктен кіргенін көріп, артынша өзі де үйге кіреді. Дастархан үстінде Қантоғай: Сонымен жиенжан! Айтпасаң да елдің жайын қамшы сүйретіп кіргеніңнен байқадым. Десе де, елдің жайын айт! – дейді. Мән-жайды толық білген соң, елге барып, Жамандаланың жоғары жағындағы Терісайрықтың қалың тоғайы арасы Талпынға екі он екі қанат ақ орда тігіңдер! Салықты сонда жинаймыз деп барлығына хабар таратыңдар. Мен сол жерде салық жиналып болғанда боламын. Енді қайтыңдар, – деп аттандырып салады.

Талпынның тоғайы қалың малға толып ақ орда құрт пен майға лықа толған кезде жау басшысына шабарман жіберіп салық жиналып болды деген хабар жеткізеді.

Тәкаппар басқыншылар еш алаңсыз халықтан жиналған алымды (салықты) жинауға жиырма жас жігітті жібереді.

Он екі қанат үйдің алдында алпамсадай бұрын бұл өлкеден көрмеген адамды алғаш көргенде жау жағы аздап сескеніңкіреп қалса да, менменсінген топ басшысы:

– Ақ орданың алдында тұрған қызметшінің дайындап қойған сыбағасы бар шығар, аттан түсіңдер, мұндай хан шатырына күнде түстеніп жүрген жоқпыз, – деп қарқылдай күледі.

– Ия, дұрыс айтасың, аттың жалында, түйенің қомында тұрған қауырт шаруа жоқ, аттан түсіп үйге кіріңдер, – деп Қантоғай күркірей жауап қатып миығынан күледі. Жау жағы екі иығына екі кісі мінгендей алпамсаның тұлғасынан секем алса да жалғыз өзі жиырма адамға не істей алар дейсің деп аттан түсіп үйге беттейді. Қантоғай есіктен соңғысы кіре бергенде, табалдырықты аттай бере шап беріп ұстап, керегенің айқасқан тұсын айыр шаппасымен тіліп жіберіп шабарманның басын қуысқа сұғып жібереді. Алдыңғы кіргендер не болғанын түсініп үлгергенше, алмас кездік жаудың құйқасын зыр еткізіп тіліп, батырдың тосқан уысына қан шапшып құйылады. Уыс тола қанды әлгілерге қарап тұрып сіміріп салып: Ух, шөлім қанды-ау, – дегенде жаны мұрындарының ұшына келген бейшаралар бірін-бірі баса-маса сыртқа ұмтылады. Көздері алақ-жұлақ етіп қашып шыққандар аттарына қарауға шамалары келмей тым-тырақай айдалаға безіп жөнеледі. Үй ішінде бастырылып шыға алмай қалған екі-үшеуі тыпырлап жиналған жүк артына қарай тығылып, бейнебір жалғыз көзді диюға кездескендей тіл-ауыздары байланып қалған еді. Бақыртып отырып жүк артынан бір-бірлеп алып шығып керегеге байлап тастап:

– Бәйбіше! Мыналарды кірпік қақпай күзет. Бұлардың қанын күніге ішіп тауыспасам шөлім қанбайды, – деп далаға шығып кетті. Алдын-ала келісілгендей батыр шығып кеткен соң бәйбіше:

– Обалдарыңа қалмайын, батыр келгенше бұл өңірден қараларыңды біржола батырыңдар! – деп оларды босатып жібереді. Олар бұл өмірмен қоштасуға әлдеқашан дайындалып, көздерінен өмірдің сәулесі сөніп, ауа таппай, қолдарын ербеңдетіп атып шығып аттарына мініп, шаба жөнелді…

Ел басына күн туған сәтте Барқытбел батырларының бірі болып, еліне ес, жауына сес болған Қантоғай батырдың Дәулетбай батырдың туын ұстапты деген де дерек бар.

Сұрақ немесе
ұсыныс бар ма?

Бізге жазыңыз, біз сізге жақын арада хабарласамыз