ИНТЕРНЕТ-ПОРТАЛ

Search
Close this search box.

Қандысу өзеніне қатысты ел аңыздары

Көне Аңыз-әпсаналар » Қандысу өзеніне қатысты ел аңыздары

Қандысу атауына байланысты халық арасында сақталған аңыздар көп. Соның бірінде қазақ қолы мен ойрат-қалмақтардың жасағы арасында қатты шайқас болып, адам есепсіз қырылыпты. Жаудың денесін өзенге тастағанда судың беті қызыл қанға боялған. Содан бастап бұл су Қандысу деп аталыпты деген аңыз бар.

Ал, жазушы Жұмағазы Игісін «Тұлпар мініп, ту алған» деген мақаласында «Абылай хан болып, Қабанбай қолбасы болып тұрған шақта жоңғар шапқыншылары бейбіт жатқан қазақ жасақтарын сан рет ойсырата шауып, қызыл қырғын соғыс салып, жерін тартып алып отырған. Сондай бір аласапыран кезде, жау жақ қапталда Қосай, Тама батырлардың жасағы қалқан болып, мыңғырған жылқылары сонау Орқашар жеріне дейін созылып жатқан бір мәуетек шақта Алтайдағы Алқабек-Білезікке бекінген торғауыттар тағы да мың-мыңдап жылқы барымталап, бірталай адаммен бірге Таманың ұлы Байқонысты да өлтіріп, Тарбағатай өңіріне біржола бекініп алады. Жаудан үркіп Қалбаға қарай қашқан ел ағыны қатты өзеннен өткел таба алмай, көп адам суға кетеді.

…Бозша, Маңырақ, Ақжар ауылдарының іргесінен ағып өтетін тау өзенінің «Қандысу» аты содан қалған деген аңыз бар» деп тарқатады.

Ел аузында қалған тағы бір аңыз бойынша жаугершілік замандарда Қандысу бойынан «Сеңгір» таулы үстіртіне дейін қалың тоғай болған. Сол қалың тоғайдан өту батырлар үшін қиямет-қайымға айналған. Қандысудың екпіні қатты дүлей жел іспеттес. Өзеннің арғы бетіне өтемін деушілердің көпшілігі суға кеткен. Содан Қандысу аталса керек. Аман өтіп, қатары азайған жауынгерлерді тоғайға тығылған жау әскері үнемі қырғынға ұшыратқан. Батырларымыз осы тоғайға келгенде жүрексініп, «сен кір, сен кір» деп бір-біріне жол беріскен деседі, осыдан барып бұл өңір «Сеңгір» аталған. Бұл күнде Қандысу бойында ғана жағалай өскен тоғайлар қалған.

Сұрақ немесе
ұсыныс бар ма?

Бізге жазыңыз, біз сізге жақын арада хабарласамыз