ИНТЕРНЕТ-ПОРТАЛ

Search
Close this search box.

Мың бие қазынасы туралы аңыз

Көне Аңыз-әпсаналар » Мың бие қазынасы туралы аңыз

(Тарбағатай ауданы Маңырақ ауылының тұрғыны Қанат Сағатбековтан жазылып алынды)

 

Ерте заманда, Манырақ тауының етегінде, Тастен қыстағының маңында Қызыл Жартас деген алып жартаc болған. Ауыл тұрғындары арасында бұл жартас жайлы аңыз ұрпақтан-ұрпаққа жетіп, халық жадында сақталып қалған. Аңызға сенсек, осы жартастың ішінде сансыз байлық – мың бие қазынасы жасырылған. Егер кімде-кім осы қазынаны тапса, ол адам бүкіл даладағы ең бай жанға айналмақ. Ескі әңгімелерде айтылатындай, Қызыл өзенінің арғы бетінде орналасқан Текежеген жартастарының біріндегі үңгірдің ең терең тұсында кішкентай тесік бар екен. Сол тесікке долана ағашынан жасалған қазық қағылған. Жұрттың айтуынша, егер кімде-кім осы қазықты суырып алса, ол адам жасырылған байлыққа апарар жолды табады екен.

Менің анамның әкесі – Сүлейменов Иісбек бұл өңірде ұзақ жылдар бойы мал бағып, осы жердің сырын жақсы білетін. Ал оның атасы Есенгелді бұл жерлердің Бөгіш руына тиесілі болғанын айтып отыратын. Мың бие туралы аңыз біздің әулетімізде ұрпақтан-ұрпаққа ауызша жеткен. 1933 жылы бұл қазына туралы қауесет қызылдарға жетеді. Аңызға айналған байлықты табу үшін олар арнайы жасақ жібереді. Ауыл халқы үрей құшағында күн кешеді, өйткені қызыл әскерлер оларды азаптап, қазынаның құпиясын айтуға мәжбүрлейді. Менің анамның әжесі – Кәмила апаның айтуынша, сол бір сұмдық жылдары құпияны білуге тырысқан сарбаздар бір қойшыны қинап, айуандықпен өлтіреді. Олардың мақсаты аңыздың шындығын анықтап, жасырылған байлықтың орнын білу еді. Алайда қанша жерден іздесе де қазынаны таба алмайды. Жылдар өтіп, заман өзгерсе де, мың бие қазынасы туралы аңыз өлмеді. Кейіннен ауыл ақсақалы Қыдырмолла Сұлтан Аймұхамбетовті дәл сол үңгірге ертіп барады. Үңгірдің кіреберісінен темір сынығын табады. Белгісіз біреулердің қазынаны табуға әрекеттенгенінің ізін көреді. Қызыл Жартастың қойнауында шынымен де мың бие қазынасы жасырылған ба? Оны ешкім білмейді. Бәлкім, байлық, әлі де аңызда айтылған долана қазығын тауып жол ашатын өз мұрагерін күтуде.

Сұрақ немесе
ұсыныс бар ма?

Бізге жазыңыз, біз сізге жақын арада хабарласамыз