© 2023. anyz.pushkinlibrary.kz Барлық құқықтар сақталған.
Экраннан оқу құралы
(Шығыс Қазақстанның аңыздары, ертегілері = Легенды, сказания Восточного Казахстана. – Семей : Артекс, 2018. – 122 б.)
Кеш батып, ымырт үйірілген шақ. Жазық даланың үстінен жұлдыздар жымыңдап, жана бастады. Санжар мен атасы Күшікбай асуына таяп қалған еді.
– Күшікбай деген кім? Ол не істеп еді? – деп білімқұмар Санжар атасына сұрақ жаудыртып келеді.
– Ол – ержүрек батыр, асқан күш иесі, оның есімі қарапайым халықтың қорғанышының символына айналған екен, – деп жауап берді атасы. Ол немересіне өткеннің іздерін сақтап қалған қызықты аңызды әңгімелеп берді.
Жидебай шатқалында ерекше асу бар…
– Оның ерекшелігі неде? – деп тағы сұрақ қойды Санжар.
Қыс кезінде бұл асудан өту қиынға түседі. Бұл жердің қысы қатал әрі қары қалың болып келеді. Ұдайы қарлы боран соғып, айнала көз көрместей түтеп тұрады. Асуда боран соққанда, ақсақалдар: «Еее, Күшікбай батыр қаһарына мініп жатыр! Бүгін жол болмайды екен» деседі.
– Бұл асу неге боранды? – деп таңданды Санжар. – Батыр кімге ашулы екен?
– Білгің келсе, тыңда…
… Ерте, ерте, ертеде, ешкі жүні бөртеде бұл аймақта орта жүз ішіндегі үлкен, іргелі ел «Уақтар» мекендепті. Мыңғырған мал, жер қайысқан дәулеті болыпты. Содан да шығар елдің төріне, жердің шөбіне қызығып, қызғанушылар да, көре алмай көз алартушылар да көп болыпты.
Бірақ батырлары бар елді кім басына алады? Сол кезде жиырмадан жаңа асқан жас батыр Күшікбай Қанайұлынан бәрі қорқады екен.
Бірде Күшікбай қатты сырқаттанып, төсек тартып қалады. Мұны естіген жаулар жан-жақтан анталап, қалың жылқыларын үйір-үйірімен айдап әкете бастайды. Бар тіршілігі малға қарап отырған ел ұлардай шулап қалады.
Батыр ұлдары сырқаттанып, бастарына қара бұлт үйірілген жұрт Алладан Күшікбайдың саулығын сұрайды. Бірақ батырдың ауруы ауыр еді. «Шешекке» ұшырап, өне бойына қанды жара қаптап кеткен оның төсектен тұруға да шамасы жоқ болатын. Ауыл үлкендері болған жағдайды Күшікбайға қашан жазылып шыққанша айтпауға бекінеді. Бірақ «ел құлағы-елу» емес пе, суыт хабар батыр құлағына да шалынады. Ол бойына ғайыптан бір күш біткендей, егеулі найзасын қолына алып, жауға жалғыз шаба жөнеледі.
Жат елдің барымташылары Күшікбайды өлдіге санап жайбарақат жүрген еді. Көк найзасы күнге шағылысып, астындағы ақ жалды айғырының тасырлата шапқан тұяғы тасты уатардай болып, тұтқиылдан тиген жалғыз жауынгердің Күшікбай екенін бірден таниды. Бірнешеуі найза ұшына ілініп, допша домалайды. Қалғандары қалың жылқыны тастай салып, тым-тырақай қаша жөнелді. Ұрланған ел жылқысын ешқандай шашау шығармай еліне қайтарған қайран Ер әлгінде біз айтқан биіктеу кезеңнің басына шығып, соңғы демін алады. Ауруы асқынып кеткен еді. Елі ержүрек ұлдарын осы төбе басына жерлейді. Содан бері де бірнеше ғасыр өтті. Бірақ ел қорғаны – Күшікбай есімі ел есінен шыққан емес.
Ал жаумен соғысқан асуға Күшікбай есімі беріледі. Батырдың шырт мінезін білетін халық боранды күндері: «Бұл біздің Күшікбай зұлымдарға қаһарланып жатқан!» деседі. О дүниеде де батырдың жаны тыныштық таба алмай, күнәсіз, бейшара халқын қорғауға ұмтылады екен.
– Ер жеткен соң, сен міндетті түрде Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» романы мен «Жетім» әңгімесін оқы, Санжар, – деді атасы.
– Онда Күшікбай батырдың асуы туралы жазылған ба? – деп сұрады бала.
– Иә, асу жайлы да, батырдың өзі жайлы да айтылған. Қазақ даласының аты аңызға айналған батыры Күшікбай қысқа болса да, мағыналы ғұмыр кешті. Туып-өскен өңірін батырдың аруағы әлі де мекен етеді. Елдің түкпір-түкпірінен адамдар келіп, оның есіміне құрмет көрсетеді. Тастардың арасында батырдың есімімен аталған бұлақ бар. Аязды күндердің өзінде бұлақтың суына мұз қатпайды екен. Қазір екеуіміз барып, сол бұлақтан шөлімізді қандырып, жуынып, жолға су аламыз.
… Отанын қорғаушы, атақты Күшікбай батыр тарихта дарынды қолбасшы ретінде белгілі. Қазақтың ұлы баласы әділдік үшін күресіп, қарапайым халықтың мүддесін қорғаған еді. Бар өмірін туған жеріне қызмет етуге арнаған «ер есімі ел есінде» қалды.
Бізге жазыңыз, біз сізге жақын арада хабарласамыз