ИНТЕРНЕТ-ПОРТАЛ

ИНТЕРНЕТ-ПОРТАЛ

Search
Close this search box.

Қозы Көрпеш пен Баян сұлу хикаясы

Көне Аңыз-әпсаналар » Қозы Көрпеш пен Баян сұлу хикаясы

(Шығыс Қазақстанның аңыздары, ертегілері = Легенды, сказания Восточного Казахстана. – Семей : Артекс, 2018. – 122 б.)

Санжар өткен жазда атасымен бірге Қытайдың Алтай жеріне сапар шегіп қайтқан.

Алтай қаласынан бастау қалған сапар жолы бұларды жетелеп отырып, кезінде «Қытайға бағынбаймын, дербес қазақ мемлекетін құрамын» деп бір миллионнан астам Қытайға ондаған мың ғана сарбазымен қарсы шапқан Батыр Оспанның кіндікжұрты – Көктоғай, одан әрі Шіңгілге апарып бірақ тіреген.

Көктоғай-Шіңгіл – қазақтың ұлы өзені Ертістің бастау алар кіндігі. Жолбасшы жігіт келесі күні бұларды үлкен бір сарқыраманың аузына апарды. Кереметтің көкесі осында көрінеді: биіктен атқи шыққан аппақ көбік, төңірегін күмістің буына малып алғандай әдемі сурет. Ең ғажабы – сарқыраманың кепештігі екен. Бейне жаңа ғана белгісіз бір арудың басынан шешіп алып, осында әкеліп қондыра салған дерсің. Кәдуілгі сәукеле.

Жолбасшы жігіт:

– Бізде оны «Сұлудың сәукелесі» деп атайды,– деп тұр. Бұлар бәрі бірдей жамырап:

– Қайдағы, кім деген сұлу?– десті.

Кәдуілгі Баян сұлу бар емес пе. Соның сәукелесі дейді білетіндер. Осы жерден екі бел ассаңыз «Қарабайдың қыстауына» тірелесіз. Баянның әкесі бар емес пе, соның өзі, – дейді әлгі жолбасшы шімірікпей. Санжар аң-таң. Мынадай қызыққа тап болармын деп әсте ойламапты. Қысқасы, әлгі жолбасшы жігіт бұларды осы өңірде тұратын, күміс сақалы кіндігіне түскен ақсақал бабамен жолықтырған. Бар жұмбақты сол ақсақал шешті.

– Не ықылым заманалардан жеткен әңгіме ғой «Қозы мен Баян». Әркім әр түрлі жырлайды. Алайда, жыр да, ондағы басты кейіпкерлер Қозы мен Баян да осы өңірде кіндіктері қиылып, осы Алтайда өскендер. Оны төрт бірдей мемлекет төрт жағынан еміп жатыр: Қытай, Ресей Қазақстан, Моңғолия. Десек те, сол Алтайдың төңірегінде отыратындар тегіс қазақтар.

Әңгіме жыр жайлы еді ғой. Соған ойысайын,– деп ақсақал баптанып, хикаятты шерте бастады…

…Өз кіндіктерінен бала болмаған осы өңірдің мыңғыртып мыңдарын айдаған байлары Қарабай мен Сарыбай аң аулап жүріп, иен таудың арасында жолығысып қалмай ма. Екеуінің үйдегі бәйбішелері де екіқабат екен. Ақыры екеуі ажырамас дос болуға, егер де біреуінде ұл, біреуінде қыз туса, құда болуға серттеседі. Сол сапарда Сарыбай мерт болып, Қарабай достығын ұмытып, оның сүйегін айдалаға тастап кетеді. Шынында да, Қарабайдың әйелі «ай десе аузы, күн десе көзі бар» керім сұлу қыз табады, ал Сарыбайдың әйелі маңдайы кереқарыс айкіндікті ұл туады. Қыз – Баян, ұл – Қозы аталады. Жетім ұлға қыз беруге арланған арам ниетті Қарабай аяқ асты мың қат жүгін жүздеген нарға артып, оқыс көшеді. Тоқсан мың жылқысымен ешқайда сыймаған ол ақыры Аякөздің бойына келіп, көшінің қомын ағытады. Аякөздің аядай бұлағы тоқсан мың жылқыға қайдан жетсін, тартылып қалып, Қарабай су жұтына ұшырайды. Дәл осы кезеңде сол өңірдегі байманаптардың ұлдары Баянның көркіне таң-тамаша қалып, үйленуге ниет етісе бастайды. Талас-тартыс өршиді. Қарабай әлгілерге бір ғана шарт қояды: «Кімде-кім мына шөлден сандаған құдық қазып, тоқсан мың жылқымды аман алып қалса, соған Баян сұлуды беремін!»

Міне, енді оқиғаға Қодар араласады. Қодар – жауырыны алты қарыс, бойы киіз үйдің тіреу ағашындай аса алып күш иесі. Ол – осы өңірдегі Баян сұлуда ойы бар мұқым бай-манаптардың мырзаларын жалғыз өзі өңгеріп кететін жан. Қарабайға да керегі осындай алып әрі дүлей жан. Қодар құдық та қазады, тоқсан мың жылқыны да суарады, қысқасы, Қарабайдың оң қолына айналады. Ал, Баян сұлу Қодарға тигенді қойып, оның маңын да басудан жиренеді.

…Алтайда қалған Қозы да бұл кезде үлкен жігіт болған. Дүниеге келмей жатып Қарабайдың қызына атастырылғанын естиді. Оның керемет сұлу болып бой жеткенінен де хабардар болған Қозы енді жатса да, тұрса да Баянға жетуді армандайды. Ақыры, көптеген қиыншылықтарды жеңіп, Аякөз бойына жетеді. Ешкім танымас үшін басына тазкеп киіп, Қарабайдың қозысын да бағады. Сөйтіп жүріп Баянмен жолығады. Екі жас ендігіде бірінсіз – бірі тұра алмайтындай күйге жетеді. Бұлардың кездесулерін тыңшысы арқылы естіп қойған Қодар Қозыға: «Жекпе-жекке шығайық. Кім жеңсе, Баян соған тиесілі болсын» дейді. Қодар жас арыстан Қозыдан оңбай жеңіліс табады. Алайда сөзінде тұрмайды. Қозыны аңдып жүріп, жауырынынан пышақ сұғып өлтіреді. Топас Қодар Қозыны өлтірсем болды, Баян мендік болар деген пасық ойда болған ғой. Алайда, оқиға мүлдем басқа бағытта өрбиді: Қозыны жан-тәнімен сүйген Баянға ендігі өмірдің мүлде мәні мен сәні болмай, тірліктен баз кешеді. Қозыны арулап көмгізген ол, сол бейіттің басында өзіне-өзі қол жұмсап, қыршын кетеді. Сөйтіп, қос ғашық бір молаға жерленіпті. Аппақ махаббатқа қол көтерген, қыршынынан қиған Қодарды халық азаптап өлтіреді…

…Ақсақалдың әңгімесі біткен. Санжар да, атасы да, төңіректегі жұрт та жым-жырт. Өлік шығарғандай тыныштық.

– Мына тұрған Сәукеле тау – Баянға қойылған ескерткіш, ағайын. Менің қосымша айтарым мынау: Қозы да, Баян да, қылаяғы қараниет Қарабай мен Сарыбай да – осы Алтайдың тумалары. Алтай – түркілердің алтын бесігі. Ал, «Қозы мен Баян» жыры – соның дәлелі. Қазақтың кемеңгері Абайдың: «Махаббатсыз дүние бос» дейтін пәлсапасы мынаны дәріптейді: «Қозы мен Баян сұлу» жырының осы дәуірге дейін өшпей жетуінің өзінде халықтың аппақ махаббатқа деген Махаббаты жатыр. Осыны ұмытпайық! – деп сөзін бітірді ақсақал.

…Санжар Қазақстанға осындай мол рухани байлығымен қайтты. Жаңғырып қайтты.

Сұрақ немесе
ұсыныс бар ма?

Бізге жазыңыз, біз сізге жақын арада хабарласамыз