ИНТЕРНЕТ-ПОРТАЛ

ИНТЕРНЕТ-ПОРТАЛ

Search
Close this search box.

Қасиетті бұлақ

Көне Аңыз-әпсаналар » Қасиетті бұлақ

(Шығыс Қазақстанның аңыздары, ертегілері = Легенды, сказания Восточного Казахстана. – Семей : Артекс, 2018. – 122 б.)

Енді біз Әулие бұлаққа барамыз, – деді атасы Санжарға. – Ол    табиғаттың емдік суы бар  көне көзі орналасқан қорығы. Көптеген жерлер сияқты бұл өңірдің де өзіндік тарихы бар. Жергілікті тұрғындар оны мақтан тұтып, ерте кездері пайда болған таңғажайып аңызбен бөлісуге әрдайым дайын тұрады. Туған жерінің әсемдігіне шабыттанған адамдар оны қызықты аңызға айналдырып, жырлаған екен. Ел аузында таралған сол аңыз бүгінгі күнге дейін жетіпті…

Бұл оқиға екі жүз жыл бұрын болған еді. Күндердің бір күні жергілікті жердің адамы орманға отынға аттанады. Айдың әлсіз жарығымен жортып жүріп, ну орманда әбден адасады. Қыстың қараңғы күнінде әлсіреп, тоңып қалған ол орманнан жол тауып шығудан үмітін үзе бастайды. Қимылдауға күші қалмай, ақыр соңында көзіне ұйқы тығылып, аязда қалғып кетеді

Өмір мен өлімнің арасында жатқан жерінде кенеттен жарқ еткен найзағай оның есін жиғызып алады. Бірімен бірі жарыса ойнаған найзағайдың жарқылынан түнгі аспанның қою бояуы түрлі түске өзгеріп сала берді. Төңірек жарықтанып, жақын жердегі жырадан атқылап жатқан бұлаққа сәуле түседі. Қажыған жолаушы бар күшін жинап, жан беретін суға қарай ұмтылды. Жақын келіп көргенде, бұлақ суы теректің тамырынан бастау алып жатқанын аңғарады. Айдың жарығынан ол күмістей жылтырап, жанып тұрған шам іспеттес еді. Бұлақ сылдырап, адасқан жолаушыға тіл қатқандай болды. Ер адам бұлақ суына ерінін тигізіп, оның жып-жылы екеніне таң-тамаша қалады. Судың дәмі оның туған ауылын, үйін, отбасын есіне алғызды. Шөлін әбден қандырып, жуынып алған жолаушының аяздан тоңғаны басылып, күш-қуаты қайта оралады. Бойына қан жүгіріп, көзі ашылып, жүзіне еріксіз қуаныш үйіріледі. Көп жүрістен ауырып қалған бұлшық еттері де жазылып кеткендей. Жолаушы өн бойындағы сергектікті сезініп, бұл судың ерекше қасиеті бар екенін түсінеді. Торсығын суға толтырып алып, ну орманнан шығудың амалын іздей бастады. Жанған оттай жарқылдаған найзағай оған жол көрсетті де, бірден сөніп қалды. Төңірекке көз жүгіртіп үлгерген ол үйіне апаратын жолын да тауып алады.

Көп кешікпей шипалы бұлақ туралы ел арасында айтылып, алыс жерлерге де тарала бастайды. Семейдің даласындағы бұлақ жұмбақ жағдайда табылып отыр, – деді атасы. – Алайда ол ерте заманнан бері бар екен. Табылған археологиялық заттар бұл жерде қола дәуірінің мекендеушілері болғанын растайды. Кім біледі, мүмкін төрт мың жыл бұрын да адамдар мұнда табиғи бұлақтың суынан дертке шипа іздеп келген шығар. Ерте заманда оның маңында пұтқа табынушылардың ғибадатханасы орналасқан деседі. Онда адамдар өздерінің Тенгри тәңірлеріне сыйынып, құрбандық шалған.

Шипалы суды түрлі аурулар мен індеттерге, көз тию мен дуаларға қарсы пайдаланған. Ел аузындағы аңызға сүйенсек, бұлақ суынан қонған ем туралы мәліметтерді тіркеп отыратын дәптер болған, бірақ қатты өрттің салдарынан ол жанып кеткен екен дейді-мыс.

Бұлақтағы су мөп-мөлдір, ауадай таза. Жазда – суық, қыста – жылы. Оның суы үскірік аязда да қатпайды, ал су түбіндегі өсімдіктер мәңгі жасыл қалпын сақтап тұрады. Төңірегінде қарағай ағаштары бой көтерген.

Бір кездері бұл жерде рухани орталық және монастырь болған екен, ал біздің замандарда Әулие бұлақ түрлі діндердің ерушілерін жақындастырған рухани орталыққа айналып отыр. Әртүрлі діндер, әртүрлі аңыздар, ал оларды ұштастырған, махаббат пен сенімге толы жер біреу ғана. Мұннан күндіз-түні түрлі ұлт өкілдерін және сиынушыларды көруге болады. Келушілер таза бұлақ суын ішіп, жуынып, әртүрлі ауруға ем ретінде қолдану үшін өздерімен бірге алып жүреді. Халық арасында: «Судың күші – шексіз», «Судың жаны адамның жанын қанаттандырады» деп бекер айтпаған. Адамдар Әулие бұлақты жастықтың қайнар көзі деп те атайды. Ғалымдар бұлақ суының минералды құрамына талдау жасап, оның кіршіксіз таза, ешқандай қоспалар мен ауыр металлдардың жоқ екенін дәлелдеп отыр. Бірақ қалалықтар суда аздаған күмістің жүзгіні бар, сондықтан ол емдік қасиетке ие деп санайды.

Ескі қарағайлардың түбіндегі ерекше бұлақ туралы әңгіме Санжарға ұнап қалды. Ол төңірекке тағы бір рет көз жүгіртті. Ағаштардың су бетіндегі көрінісі акварель бояуымен бейнеленген жанды сурет тәріздес. Бұлақ маңында керемет нәзік гүлдер мен сирек кездесетін иісі аңқыған шипалы шөптер жайқалып тұр.

Мұндағы табиғаттың өзі – адамның жаны мен тәнін нағыз емдеуші,– деді атасы. – Адамдар бұл жерге мәңгілікке қол тигізіп, бұлақтың суы мен энергиясын алу үшін келеді. Бұлақ – тек таза ауыз суының көзі ғана емес, өткен мен осы күнді байланыстыратын жіп болып табылады.

Сұрақ немесе
ұсыныс бар ма?

Бізге жазыңыз, біз сізге жақын арада хабарласамыз