ИНТЕРНЕТ-ПОРТАЛ

Search
Close this search box.

Жер атауы «Жыланды» туралы аңыз

Көне Аңыз-әпсаналар » Жер атауы «Жыланды» туралы аңыз

Ежелгі Тарбағатай жотасының солтүстік-шығыс бөлігінде Жыланды деп аталатын жалпақ таулар тізбегі мен Жыланды деп аталатын өзен бар. Жыланды өзені белгілі Базар өзеніне құяды. Өзеннің осылай аталуы өзеннің жіңішкелігі мен ирелеңдеп ағатынына байланысты қойылса керек. Ал, қыраттың аталуы жыланның көптігімен байланысты дейді көне көз қариялар. Жыланның көптігі ертегі-аңыздарда олар мекендеген жерде алтынның мол қоры болатынынан хабардар етеді. Ордалы жыландар жер асты байлығы алтынның қорушылары іспетті. «Жатқан жыланның құйрығын баспа» дегендей жыланға тиіспесе ол да адамға уын шашпайды, керісінше қайырымды іске қайырыммен жауап береді дейді. «Жыланның да басына ақ құйып» шығаратын қонақжай халқымыз жыланы көп жерді киелі, қасиетті санаған. Жыланды аталатын жер атауы туралы аңыз ертеректе болған оқиға негізінде ауыздан-ауызға, елден-елге таралып, бізге жеткен.

Аңыз желісі былай өрбиді. Жайлауда аласа қыратты таулардың етегінде қараша киіз үй. Киіз үйдің алдында жер ошақ, отын-су. Есік алдында ақсақал ер-тоқымын жөндеп отырғанға ұқсайды. Үйден бәйбішесі шығады. 

 – Шал-ау, осы біздің жалғыз сиырдың сүтіне кім ортақтасып жүргенін біле алмай дал болдым. Күнде сауып қойған сүтім азайып қалатын болып жүр.

– Ой кемпірім-ау, менің сүт ішпейтінімді білесің, менен басқа жыбырлаған жан жоқ, ол сүт қайда кетер дейсің, не байқамай жүрсің, иә болмаса тегешің тесік шығар?

– Менің баққаным осы тегештегі сүт қой, оны қалай байқамайын, жартысын айран ұйытып, жартысын шайға қатам, ірімшік алам. Тегештен ағатын жөні жоқ. Бұл жез тегешті шешем мықты ұстаға жасатып берген. Бұның түбінде иненің жасуындай да тесік жоқ, білдің бе?

– Ее қайдам?

 Енді бір күні үйлерінде шал мен кемпір шай ішіп отырған. Кемпір кенет тегешті шайқап көріп, көзі шарасынан шығып кете жаздайды.

 – Мәссаған шал-ау мынау не? – деп шалына көрсетеді.

Қария тегешті шайқап көреді де, болмаған соң қолымен ішіндегі дөңгелек сары жылтыр затты алып шығады, оған арлы-берлі қарап: «Мынауың алтын болмаса нетті?» – деп тістеп көреді де:

– Ой Алла шынында да алтын ғой!

– Бәтшағар-ау, алжығасыңба, алтын бізге қайдан келсін?!

– Қайдан келсе онан келсін, мен осы жасқа келгенше алтынды танымай албасты басыппа? Баяғы жігіт шағымда керуендердің қорғаушы-жасағы болғаным бар, сонда алтын теңгелерді көргем. Бұл бізге Алланың бергені шығар, қартайғанда бейнетіміздің зейнетін көруді жаратқан нәсіп еткен болар.

– Солай-ау шамасы. Аллаға шүкір! – деп алақанын көкке жайып іштей дұға оқып бетін сипады.

– Енді бұны не істемексің? – деп кемпірі отағасына қарады.

– Дымың ішіңде болсын, саудагерлермен жүргенімді әлгінде айттым ғой, ебін өзім табам, мал жасаймын. Жол азық салып бер де тілеуімді тілеп отыр, бұйырса аз күнде оралам, – деп алтынды пұл жасауға кетеді.

       Бір күні кемпір тағы да сүт құймақ болғанда, тегештің ішінде бір қара жылан сүтті ішіп жатыр екен. Жылан кемпірді көріп сескенді ме, әйтеуір дөңгелек алтынды тастап, жоқ болады. Кемпір аң-таң болады. Бұл оқиғаны келіп шалына айтады. Бұлар осы әдісті әдетке айналдырады. Сөйте келе бұлар бір демнің арасында байып шыға келеді. Көрші ауылдағылар бұлардың жағдайының жақсарғанын  көріп, қалай байығанының себебін анықтау үшін бұларды қаттырақ қысады. Киіз үйдің алдында көршілер жиналып шал мен кемпірді сұрақтың астына алады.

– Алтынды қайдан алдыңдар?

– Қайтіп байыдыңдар?

– Қане жандарыңның барында айтыңдар!

– Мүмкін ұрлық жасап жүрген боларсыңдар?

Бәйбіше шырылдап: – Шал-ау шындықты айтсаңшы, ешкімнің ала жібін аттамадық қой, – дейді.

Қария: – Айтсам айтайын, оның еш құпиясы жоқ. Көп уақыт тегештегі сүтіміз азайып қала беретін болды. Бір күні әлгі тегештің түбінен алтын тауып алдық. Сөйтсек сүтті бір қара жылан келіп ішеді екен де, ішіне алтынын тастап кетіп жүрді. Сол алтындарды саудаладым, – деп шынын айтады. Содан келген адамдар: – Ол жылан қайда? – деп, шулай жөнеледі.

Қария: – Ол ордалы жыланның патшасы болу керек. Анау тауды көрдің бе соның күнгей бетінде олардың іні бар, сол жерді мекендейді.

– Ендеше бізге сол жыландардың інін көрсет, – деп қарияны көндіреді.

Жігіттер құрал-саймандарын алып дайын тұр екен. Қарияны ертіп алып, жарыса шауып ала жөнеледі. Бір кезде шал келдік деп белгі береді. Қолдары қышыған жігіттер жылан ордасын қопарып, тас-талқанын шығарып, оған қоса жыландарды қыра бастайды. Содан баяғы қара жылан қашып құтылады. Әлгілер ауылға кәдімгі бір жауды жайратқандай боп келеді де жығылады. Кеш бата бере ұйқыға кетеді. Түн қараңғысын жамылып, әлгі жылан келеді де, біртіндеп ауылдың адамдарын түгел қырып шығады, бірақ шал мен кемпірге тиіспейді. Сол кезде ауылдың бір адамы ажалдан құтылып кетеді. Жылан соңына түсіп қуады. Әлгі жылан жолда бір керуенге кездеседі, сосын бір серкенің мүйізіне оратылып алады. Керуен бір жерге келіп тоқтайды. Отағасы шай жөндетіп, тамақтанып алмақ болады. Олар шай ішіп отырғанда, әлгі жылан босағада жатады. Отағасы көпті көрген кісі екен, «Тимеңдер, бұл жоқ іздеген жылан екен, жүре берсін», – дейді. Керуен қайта жолға жиналады. Сол кезде жылан әлгі серкенің мүйізіне қайта оралады. Жол екіге айырылады. Жылан жерге түсіп, көлденең жолға қарай ирелеңдейді. Отағасы керуеншілерге: «Сендер жүре беріңдер» – деп, өзі көлденең жолға бұрылады. Қараса, айдалада бір адам жүреді. Жылан анандайдағы қара тастың қалқасына кіріп кетеді. Керуенші отағасы айдалада жалғыз жүрген адамды шақырып, сөйлеседі.

– Әй қарағым, бері жақында, айдалада неғып жүрген жансың?

– Мен бейбақ ордалы жыланның інін бұзушылардың тірі қалған бірімін. Жазықсыз тіршілік иелерінің шырқын бұзып, Алланың қаһарына ұшырап қаңғып жүрмін. Содан мені бір қара жылан қуып жүр. Не істерімді, қайда барарымды да білмеймін, – дейді.

– Ендеше іздегенің келді. Сені қуып жүрген жылан анау қара тастың артында, қамшыңмен ұрып өлтірсең ғана аман қаларсың, – деп жартасты көрсетеді.

Қорыққан жігіт қолы дірілдеп қара тасқа  жақындай бергенде жылан  атып шығып, жігітті шағып өлтіреді.

Қастыққа қастық жасау табиғаттың қатал заңдылығы десек те біз «жатқан жыланның құйрығын баспайтын», үйге кірген жыланның да басына ақ құйып шығаратын, пейілі  ақ,  көңілі даладай кең, табиғатынан қонақжай, мейірім мен қайырым жасауды парызым деп білетін халықтың ұрпағымыз. Қазақ халқы қасиетті санаған әрбір тіршілік иесін де, оның киесін де қастерлей білген рухы мықты, салт-дәстүрін берік ұстанатын ұрпақ қамын ойлайтын, «досқа адал, дұшпанға қатал» кемел халық. Сондықтан, қазақ елінің әр шоқысы, тау-тасы, өзен-көлі атаусыз болмаған. Атау да себепсіз, жайдан жай қойылмаған. Бұл аңыз соның айғағы.

Сұрақ немесе
ұсыныс бар ма?

Бізге жазыңыз, біз сізге жақын арада хабарласамыз