© 2025. anyz.pushkinlibrary.kz Барлық құқықтар сақталған.
Экраннан оқу құралы
(Өлкетану экспедициясы барысында ауыл тұрғындарынан жазып алынды)
Байжігіт руындағы алты Жұмықтың бірі Қожанның немере қызы Жәнделі Есенқұлқызы шамамен 1732 жылы Маңырақ қойнауында дүниеге келген. 1750 жылдары басталған қазақ-қалмақ арасындағы Шорға соғысы кезінде асқан ерлігімен көзге түсіп, ел жадында қалған. Сол кезде Қоңқа бастаған біраз қалмақ негізгі жасақтан бөлініп тым-тырақай қашқан екен, олар Маңырақ тауы баурайына тығылып, қазақ батырларының ұзап кеткенін пайдаланып, артта қалған елге шапқыншылық жасайды. Осы кезде Жәнделі Есенқұлқызы ат құлағында ойнап, қылыш өнерін үйреніп, жаттығып жүрген кезі болатын. Ол ауылға қарай беттеген жауды көріп, тездетіп ер адамша киініп, сауыт-сайман асынып, ауылда қалған азаматтарды бастап, ұран салып, қалмаққа қарсы шабады. Қоңқа әскерін Маңырақ тауының сайына қарай, яғни қазіргі Жәнделі атанып кеткен сайға қарай ығыстыра қамап, күн-түн соғысып, сайды қызыл қанға бояйды. Қалмақ әскерлері көп шығынға ұшырайды. Ақыры Қоңқа жекпе-жекке шақырады. Жәнделі жекпе-жекке шығып, Қоңқа батырмен найзаласады. Оны аттан аударып түсірген батыр қыз қылышты кеудесіне тақаған кезде, Қоңқа қылыш ұру шайқасына шығуды сұрайды, егер шайқаста оның қолынан қылыш түсіп кетсе, ол жеңілгенін мойындайтын болып келіседі. Бұл жолы да Жәнделінің күші басым түсіп, қылышты үйіріп қалмақтың кеңірдегіне тірейді. Бірақ, батыр қыз оны өлтірмей, қылышын тастай салып кете барады. Қалмақ өзінің жеңіліп қалғанына намыстанып, жерде жатқан қылышты жұлып алып, бейғам кетіп бара жатқан Жәнделінің ту сыртынан сермеп қалады. Батыр қыздың басы домалап жерге түскенде, киіп жүрген дулығасы ыршып бөлек кетеді. Сол кезде Жәнделінің түйіп өрген ұзын бұрымы жайылып жерде қалады. Қалмақ батыр домалап кеткен бастың жас қыз екенін көргенде, өз көзіне өзі сене алмай сілейіп тұрып: «Әттеген-ай, бұл қыз бала екен ғой, уәдені бұзып басын бекер шаптым, қазақта мұндай да батыр қыз бар ма? Мұндай батыр қыз қазақта енді тумас, он екі де бір гүлі ашылмаған бойжеткен аруды қара басып өлтіріп, қапыда қалдым. Менің жолым енді болмас. Жазықсыз жатқан қасиетті елдің қанын төккен ауыр болады», – деп өкініш арқалайды.
Ел болып жиналып, Жәнделі батыр қыздың сүйегін қаза болған жеріне арулап жерлейді. Бұл сай содан бастап Жәнделі сайы аталып кетеді.
Аңыз бойынша Ару қыздың мөлдір көз жасы сайдың басынан бастау болып ағып жатыр дейді. Халық оны ұзақ жылдар бойы қастерлеп, «шарапаты бар Жәнделінің көз жасынан пайда болған қасиетті бастау» деп кие тұтқан.
© 2025. anyz.pushkinlibrary.kz Барлық құқықтар сақталған.
Экраннан оқу құралы
Бізге жазыңыз, біз сізге жақын арада хабарласамыз