ИНТЕРНЕТ-ПОРТАЛ

ИНТЕРНЕТ-ПОРТАЛ

Search
Close this search box.

Еңлік пен Кебек

Көне аңыз-әпсаналар » Еңлік пен Кебек

(Шығыс Қазақстанның аңыздары, ертегілері = Легенды, сказания Восточного Казахстана. – Семей : Артекс, 2018. – 122 б.)

Санжар төсегінен бүгін тым ерте, таң жаңа ғана сыз бере бастағанда, тұрып кетті. Көңілінде ерекше бір желпініс, ерекше бір алақұйын бар. Ол орынды да: кеше атасы Санжарға сонау Шыңғыстаудың аузындағы Бөріліге, одан әрі Үңгіртасқа апарамын, сол жердегі Еңлік пен Кебектің бейітіне соғамыз деп уәде берген…

Жалпақ күре жол Шыңғыстау сілемдеріне сұғынып кірген сайын жол жиектерінде көрсеткіш-нұсқау тақтайшалары молая бастады. Міне, мына бір тақтайшада «Еңлік пен Кебек бейіті» деп жазылыпты. Машина ішінен түскендер бейіттің іші-сыртын аралап, тастарының бедерлерін сыйпасып, күбір-күбір етісіп жүр. Санжар осы бейітте жатқан қос мұңлық – Еңлік пен Кебек жайлы біраз дүние естіген атасынан.

– Қос ғашық қуғыншылардан қашқанда жасырынған Үңгіртас әнеу бір қолатта жатыр.

Шынында да, Үңгіртас десе дегендей екен. Алып тастың кіреберіс аузы үшкілденіп басталады екен де, ары қарай кеңіп жүре беретін көрінеді. Қос ғашық – Еңлік пен Кебек осы үңгірде азды-көпті тірлік кешкен, махаббаттарының белгісіндей жас нәрестелерінің кіндігі осында қиылған. Санжар үлкендер сыртта алқақотан жайғасып, келелі бір әңгімемен айналысып отырғанда, Үңгіртастың түпкі мүйісіне дейін барды. Ошақтары осында болғанға ұқсайды: мына бір шомбал тастардағы күйе ізі соның айғағындай. Қызық, Санжар әлгі күйені сипап кеп қалуы мұң, өзгеше бір дүниеге енді де кетті. Осыдан үш ғасыр бұрын болған оқиғалар ортасына топ ете қалды…

 Міне, Тобықты руының ел аузына ілініп жүрген жас қабыланы Кебек аузы дуалы Нысан абыздың алдында жүгініп отыр. Болашағына болжау жасатпақ.

– Ұзақ ғұмыр сүрмейсің. Ажалың керім қасты ақсұр қыздан болады. Алайда, есімің ел аузында мәңгіге сақталады екен…

Абыздың көзі жұмулы, ерні күбірлеп әлгіндей сұмдықты айтады…

Шыңғыстаудың бытқыл сілемдері. Ақтүтек боран. Ақтүтектің ішінде баран атты жас батыр Кебек. «Күн бұзыларын біле тұра аңға бекер-ақ шығып кеткенімді қарашы! Әттең… Мынау тау арасындағы алай-дүлей бораннан аман-есен шығу жоқ шығар маған!…» Кебекті осындай өксікті ойлар кеміріп келеді.

Әне, жылтырап от көрінді. Құдай-ау, шынында да, анау көрінген от сәулесі ме? От көрінген жерде ошақ болады. Иә, иә, от екен! Суышкілік деген осы шығар.

Ошақ басында төрт жан: батыр Кебек, шал мен кемпір және жас бойжеткен. Осы сайдың аузында қой бағып жатқан малшылар көрінеді. Алакөлеңке от жарығы бір-бірлерінің бет жүздерін тым айшықтап көрсетпейді де. Дастархан жасап, сорпа-су әперіп жүрген жас бойжеткен жиі-жиі қос жанары мөлдіреп Кебек жаққа қарап қояды…

Ертеңгісін күн шайдай ашылыпты. Шыңғыстау сілемдеріндегі күртік қар күнмен шағылысып, көз қарықтыра жалт-жұлт етеді. Жас батыр Кебек ат үстінде. Шылбырға жабысқан ақсұр ару Еңлік:

– Мен десең тағы бір соқ. Басы қалыңмалға байланған мен бір мұңлықпын. Батыр болсаң, құтқар мені мына зобалаңнан. Мен өмір бойы сендікпін. Осыны ұмытпа,– деп өкси жалбарынады…

Қуғынға ұшыраған Кебек пен Еңлік мұқым елжұрттан пана таппай, ақыр соңы осы Үңгіртасты паналағалы да біршама күндер өтті. Алайда, мейірімді адамдардың тұқымы тұздай құрымапты, осы төңіректе қой бағып жүрген Жапал атты иманды азамат күн аралатып тамақ әкеліп беріп кетеді. Осы үңгірде Еңлік айы-күні жетіп босанып, ұл тапты. Ел арасы тыншыса, бәрі орнына келер еді ғой. Әттең…

Екі рулы ел – Тобықты мен Матай арасы қаскөй жаулыққа көшіскен. Тобықтының жас қыраны Кебек Матайдың әне-міне құдаласқан жеріне ұзатылады деп отырған жас аруы Еңлікті алып қашып кетіпті. Топаны мол Матай: «Қырамыз, жоямыз. Батыр Кебекті қолымызға беріңдер. Жазасын өзіміз кесеміз! Қалыңмалы төленіп қойған жесірімізді қайтарыңдар деп құдалар жағы да дігірлеп, есімізді шығаруда. Бермейтін болсаңдар, Тобықты тұрысатын жерін айтсын!» деп елеуреп, ырық бермей барады. Әңгімелерінен қан иісі шығады. Ақыры Тобықтының Орта Жүзге аты шыққан бас биі Кеңгірбай араласты дауға. Кемеңгер би егер де мына даурыққан топтарға ерік берсе, қос рулы елдің үлкен қантөгіске душар боларын біліп отыр. Ең алдымен Еңлік пен Кебекті байлатып-мататып алдырды. Қалың жұртты жинатты. Үкім айтты.

Кеңгірбайдың көзінен баданадай-баданадай ірі жас түйірлері жер жарықтықты тесіп жіберердей сорғалап отыр. Алдында – сәби бөленген ақ бесік. Тербетіп отыр. Кемеңгерді өксік буып, ықылық атады. Алайда, Үкім айтылуға тиіс. Үкім – екі рулы елдің береке-бірлігін сақтап қалуға бағытталуы керек. Ол құрбандықсыз орындалмайды.

– Уа, жұртым! Алағай-бұлағай замандарда да береке-бірлігімізді пышыратып алмай ел болып, етекжеңіміздің бүтіндігін сақтаған киіз туырлықты халық едік. Бір-біріне асық болған, ойнап жүріп, от басқан қос тентектің үкімі мынау: екеуі де өлім жазасына кесілсін! Сонан кейін бе, сонан кейін Матай мен Тобықты жауласудың соңғы нүктесін қойыңдар! «Еркек тоқты құрбандық» деген бабаларымыз. Бар жазықтары – ғашықтық болған қос мұңлық екі елдің бейбіт тірлігі үшін құрбандыққа шалынсын! Мен айтарымды айттым»,– деп теріс бұрылып кетті…

Ошақ басында бықсып жанған от. Оның қоламтасын қағыстырып отырған Жапал қойшы. Алдында сәби бөленген бесік. Еңлік пен Кебектен қалған белгі. Тірі тұяқ. Жапалдың көзі жасты, көкірегі шерлі. Ыңылдап жоқтау айтып отыр.

Бетеге кетсе бел қалар,

Бектер кетсе ел қалар.

Айналайын ағайын,

Берекең кетсе нең қалар…

Санжар селк ете қалды. Жаңағы үзік-үзік кино таспалары сынды мың сан суреттер көз алдынан ғайып болыпты. Тасқа иық сүйеп өзі ғана тұр. Ол қарадан-қарап бағанағы батыр Кебекті, ұлын емізіп отырған ару Еңлікті, шер-шеменін ақтарып отырған Жапал қойшыны, ең бастысы – аппақ сақалы көкірегін жапқан, екі рулы елді қантөгістен сақтап қалған кемеңгер баба Кеңгірбайды сағынды. «Бабалар шежіресі өшпесе екен, оны келер ұрпаққа табыстар мына біздерміз ғой. Жасаған иеміз қазақ ұрпағын зейінді, иманды ете көрсін!», – деп күбірледі Санжар.

Жүрдек машина Семейді бетке алып зулап келеді. Санжардың көңілі алақұйын. Алайда, мына сапардан үлкен тағылым алып қайтқанына бек риза!

Сұрақ немесе
ұсыныс бар ма?

Бізге жазыңыз, біз сізге жақын арада хабарласамыз