© 2023. anyz.pushkinlibrary.kz Барлық құқықтар сақталған.
Экраннан оқу құралы
Көне Аңыз-әпсаналар » Бүркітші туралы аңыз немесе «Бөлекей өлген»
Тайынты өзені көлеңкелі тар шатқалды артқа тастап, кең алқаптағы жағасында аттас ауыл орналасқан Тарғын өзенімен қосылады.
Өзен алқабы бітік өскен жасыл шабындық, балта көрмеген қарағай мен қайың, әртүрлі жан-жануарларға толы. Ертеректе жергілікті халық осы маңда тазы жүгіртіп, бүркіт салып, саятшылық құрған деседі. Кең орманды алқап пен жартасты шыңдарда бүркіт ұшып, түлкі мен құр аңдыған заман болған екен. Көк шалғында кең алқап, сарқырап ағып жатқан өзен мал өсіруге қолайлы орын.
Ерте кезден осы алқапта киіз үйлі қазақ ауылы мекендеген. Осы ауылда өңірге аты мәлім Бөлекей деген аңшы өмір сүріпті. Аңшының астында жүйрік аты, қолында қырағы бүркіті болған деседі. Тұяғы мықты, өзі күшті, қырағы қыран бүркіттің әр жорығы сәтті болғанға ұқсайды. Көп ұзамай Бөлтекейдің замандастары айтып жүрерліктей аңыз туындап, ұрпақтан ұрпаққа жеткен.
Бір күні жас бүркітші сол өңірдегі атақты бидің қызы Сағыншыны көріп ғашық болып қалады. Күндердің күнінде жас жігіт келіп қыздың әкесінен үйленуге рұқсат сұрайды. Өзі қатал, әрі сараң бай Бөлекейдің бүркіттен басқа ештеңесі жоқ кедей екендігін білетін. Сондықтан да жігітті менсінбей «Көзіме көрінбей жоғал! Егер қайтып келер болсаң 100 бұлғынның, 200 қасқырдың, 300 түлкінің терісін ала кел» – деп қуып жібереді. Сараң байдың қызы Сағыншы үшін сұраған қалың малы осы болатын.
Тілегі қабыл болмаса да жас жігіт мойымады, өзінің қолынан бәрі келетініне сенімді еді. Қалың малды әкеп алдына тастағанда қыз әкесінің сараңдықтан көзі қалай жайнайтынын көз алдына еслестетіп жымиып қойды. Аңшы күзгі саятшылыққа дейін тәрбиелеп, саятқа қосу үшін биік қия шыңнан бүркіттің екі балапанын алуды ұйғарады. Бүркіттің ұясынан балапан алу өте қиын. Міне, тік құз кемеріне аяқ-қолымен құмырсқаша жабысып, ұяға жақындай берді. Ауыздарын ашып өздерінше қорғанбақ болған бүркіттің сары ауыз балапандарын Бөлекей еппен қолына алып, қой терісінен жасалған қоржынына сала бастайды. Балапандарын құтқару үшін долданған кәрі бүркіт аңшыны айнала ұшып бүркітшінің арқасына байланған бір уыс шөпті шоқи бастайды. Тастың кемеріне шығып, аздап демалуды ойлаған Бөлекбай өзіне ұмтылған ашулы құстарға мән бермейді. Оның ойында тек сүйіктісі Сағыншы ғана еді. Қалтасынан өгіздің мүйізінен жасалған насыбай шақшасын алып, рахаттана насыбай атады. Кенет қатты түшкіріп қалғанда бейқам отырған аңшы кемерден құлап төмен құлдырай жөнеледі. Жартасқа соғылып, биік құздың түбіне құлап түседі. Көп уақыт өтпей-ақ оның жансыз денесінің үстінде балапандардың ата-анасы «той» жасайтынын ойлауға мұршасы да келмеді…
Содан бері Тайынты өзенінің бойындағы жартасты құз «Бөлекей өлген» деп аталып кеткен екен.
Бізге жазыңыз, біз сізге жақын арада хабарласамыз