© 2023. anyz.pushkinlibrary.kz Барлық құқықтар сақталған.
Экраннан оқу құралы
(Шығыс Қазақстанның аңыздары, ертегілері = Легенды, сказания Восточного Казахстана. – Семей : Артекс, 2018. – 122 б.)
Бірнеше мың жыл бұрын Берелдің көркем биік таулы алқабын мықты және еркіндікті сүйетін Грифтердің тайпасы мекендеген. Олар алтын кеніштері мен шахталарына иелік етті, сондықтан да оларды «алтын күзетуші грифтер» деп атайтын. Күндей жарық Берел алтынынан шебер қолөнершілер көздің жауын алатын қарасаң көзіңді ала алмайтын керемет бұйымдарды жасады. Өздерінің жасаған бұйымдарына, тіпті айналасындағы жартастарға аңдар мен таңғажайып жартылай құс, жартылай аң – гриф бейнесін салғанды ұнататын.
Бірақ ол аймақта әскери жабдықтар ең негізгі бұйым болатын. Бұл тайпаның тұрғындары тамаша шабандоздар және өз шеберліктерін үнемі жетілдіретін, қару-жараққа икемді білікті жауынгерлер болды. Олар теңдесі жоқ қайсарлықтарымен, салқынқандылықтарымен ерекшеленетін. Тіпті іздеріне түсіп аңдыған жауларын атпен шауып келе жатса да, жартылай бұрылып, дәлдікпен садақ бауын тартып, жебесімен жаралаған.
Бұл батыл және күшті жауынгерлер қатал жағдайда тәрбиеленіп, тас төсекте ұйықтады, сондықтан да олар шыдамдылықтарымен дараланатын және олар кез келген уақытта атқа мініп, жауға шабуға дайын болды.
Грифтердің билеушісі батыл әрі ерікті адам болатын. Ол соғыста қаза тауып, әйелі мен баласы жалғыз қалды. Әкесінің қазасынан кейін ұлы тұрғындардың қолдауымен биліктің нышаны: лазурит – асыл тасының сәулесі бар бесбұрышты алтын жұлдызды өз қолына алып, сол тайпаның билеушісі болды. Ол да ақылмен билік жүргізген әкесі сияқты, әлі де әскери өмір салтын ұстанған атасы сияқты тік мінез иесі болатын. Алып жауынгер құйылған алтыннан жасалған сауыт киіп жүрген. Мұндай ауыр сауытты тек өте мықты адам – сансыз жауынгерді отқа салған нағыз қатыгез патша ғана кие алатын болған. Ол мойынына грифонның тұмсығындағы үшөлшемді бұланның басы бейнеленген ауыр алқаны таққан. Грифонның бейнесі тағы ертоқымда және көсемнің қалқанында да болды.
Грифтердің жарқын өмірі, олардың керемет байлықтары төңіректегі тайпалардың тыныштығын алды, олардың күндіз-түні қызғаныш сезімдерін оятты, өйткені Берелдің алтыны адамдардың көзін күн сияқты шағылыстырды. Грифтермен әшекейлі аримаспылар көрші тұрды (грек тілінде «бір көзді адамдар» дегенді білдіреді). Өздерінің шекелеріне қосымша үшінші көздің суретін салып алып, олар өздерін қырағы және көреген сезінетін. Аримаспылар туралы тарихшы Геродот айтып кеткен. Ал Эсхил олар туралы: «Өткір тұмсықты грифтерден қорық, біркөзді аримаспы әскері. Оларға сен жақындама!»
Бірде ырымшыл аримаспы билеушісі өзінің тағдырын білгісі кеп, балгер әйелден көмек сұрайды. Балгер көрші грифтердің жерінде жақын арада бір ұл бала дүниеге келетінін және болашақта ол баланың алтындары төңіректегі барлық көсемдердікінен көп болады деп болжап айтты. Аримаспы билеушісі болжамға сеніп, қорқып кетті. Ол қайткен күнде де гриф көсемінің байлығын тартып алғысы келді. Кезекті шабуылдар кезінде аримаспылар грифондардың елді мекендерін өртеп, олардың өндірген алтындарын тартып алды және малдарын айдап әкетті. Қақтығыста екі жақтан да көп адам қаза тапты.
Бір күні барлығы тынышталғаннан кейін грифтердің көсемі сергіп қайтқысы келіп, аң аулауға шықты. Ол қасына өзінің сенімді жауынгерлерін ертіп алды. Күні бойы далада атпен шауып, аңшылық етті. Аңшылық сәтті болды, олар түлкі, қоян және екі ақбөкенді аулап, тұзақтарына түсірді. Шабандоздар үйлеріне үлкен мақтанышпен, бақытты сезіммен оралды. Бәрі өздерінің аналарымен, әйелдерімен, балаларымен қуанып көрісіп жатты, олардың шаттық үндері алыс далалараға естілгендей еді. Тек гриф көсемі ғана ойлана үнсіз тұрды, оны қандай да бір күмән ой толғандырды. Туған тұрағына жақындаған кезде жалғыз қалуын өтінді де, шаршаған жауынгерлерін олжаларымен бірге алға жіберіп, өзі атымен өзен жағасында қалып қойды. Көсем асыға су жағасындағы тасқа отыра кетті. Жапырақтардың сыбдыры, ақырын ағып жатқан судың сылдыры жанды тыныштандырғандай еді. Кенеттен осы тыныштықты бір сыбдыр бұзып жіберді, алдында оның бұрынғы жауы, шекесінде үлкен көздің суреті бар аримаспылардың қолбасшысы тұр екен. Зұлым аримасп өз атын жақын жерге байлап қойып, қас дұшпанының ізіне түсіп, аңдыған болатын.
Гриф көсемі өте тәжірибелі жауынгер болатын, бірақ кенеттен жауға тап болам деп ойламаған еді, ол бір сәтке ғана абдырап қалды. Бірақ осы бір сәттің өзі оның жауы үшін қирата соққы беруге жетіп тұр еді. Шабуылдың кенеттілігіне қарамастан гриф көсемі аримаспы қолбасшысына қаһарлы қарсылық көрсетті. Күрес ұзақ уақытқа созылды және гриф көсемінің жеңісімен аяқталды. Залым қарсылас тыныссыз құлап түсті. Бірақ гриф өз күшінің таусылғанын сезді. Көзі бұлдырап кетті. Батып бара жатқан күннің сәулелерімен жерге түскен кезде, Гриф көсемі кенеттен өзінің балалық шағын, әкесін, отбасын және өзін туған анасын есіне алды. Қиналып басын көтерген бойда ол көз алдына келген таныс бейнеге «Кешір мені, анашым! Қош бол! Мен сені жақсы көрем» – деп сыбырлады. Осыны айтты да ол есінен танып қалды.
Жақын арада шайқас болған жерге оның адамдары келді. Олар жараланған көсемді қолдарына көтеріп алып, жергілікті емшілерге апарды, бірақ күрделі ота кезінде ол қайтыс болды, жарақаты өте ауыр еді.
Соңғы сапарға оны күйме арбамен шығарып салды. Мекеннің тұрғындары жылады және жауларынан кек алатындарына уәде етті. Қайғы жұтқан анасы ұлын дәрежесіне сай әйгілі адамдар сияқты барлық құрметпен жерлеуді қалады. Қоңыр күз еді, жер қатып қалған болатын. Көсемнің анасының тапсырмасы бойынша оның әскері үлкен шұңқыр қазды да, оған тастар мен сағызқарағайдың діңгегін кесіп, құлпытасты қабір жасады. Берел даласының ежелгі тұрғындары жасанды мұздатуды жасаудың құпиясын білетін. Олардың қорғандары көптеген ғасырлар бойы көмілгендердің қалдықтарын сақтайтын үлкен тоңазытқыштарға ұқсады. Атақты өкілдердің денесі ерекше шөптер мен хош иісті заттардың көмегімен бальзамдалды. Оны моншақтармен безендірілген және жануарлардың кішкентай пішіндері бар алтын табақшалармен көмкерілген сәнді киіммен жерледі. Барлық заттар: қанатты жылқылар, қабыландар, жолбарыстар, бұғылар, бұладар, түйелер, тау текелер, ешкілері мен жылқылары Берелдің күн сияқты таза алтынынан құйылып жасалған еді. Әкесінің патшалық штандарты – фантастикалық құс – бүркіт грифонының мүсіні бейнесіндегі эмблемасы қабірге түсірілді. Қабірдің ішіне тағы мүйізді, қанатты, құлақты сфинкс грифондардың ұшқан және қонып тұрған бейнелері көрсетілген төрт алтын жалатылған қола ескерткіштер орнатылды. Қорғанға бастары шығысқа қаратып қойылған о дүниеде бас көсеммен бірге еріп жүретін 13 ерттелген тұлпарлар қоса жерленді. Олардың біреуі көсемнің мәңгі серігі болған тұлпары еді, ал қалғандары – ер тоқымы, ат әбзелдері ұқсайтын, бірақ олардың арасындағы айырмашылықтары бар түрлі шеберлердің берген тұлпарлары болатын. Барлық жылқылар «алтын» сияқты – оттай жирен түсті және алтын жалатылған салтанатты ат әбзелдерімен, жабдықтарымен еді. Жер астына Берелдің күн тәріздес алтынынан жасалған көсемнің сүйікті зергерлік бұйымдары, сурет салынған ағаш тақтайша, күрделі оюлармен әшекейленген иленген тері, былғары және киіз бұйымдар, сүйікті қанжары, семсер қылышы және басқа да әскери жабдықтары да қойылды.
Анасы баласын о дүниеге шығарып салу рәсімін ұйымдастыруға қатыстының барлығын мұқият бақылап отырды. Ұлының мәйітін бальзамдау барысы ұзаққа созылса да, анасы өзін-өзі ұстады. Барлық қажетті рәсімдер аяқталғаннан кейін, халық арасында «алтын» деп аталатын үлкен қорғанды топыраққа толтырғаннан кейін қайғырып жүрсе де, аналық парызының өтелгенін түсінді. Баласы қайтыс болғаннан кейін бірнеше ай өткен соң, анасын да алтынмен және зергерлік бұйымдармен безендірілген киім кигізіп, ұлының қасына жерледі. Ғасырлар бойы сақталу үшін оның да денесінен мумия жасады. Қабірге онымен бірге Берелдің күн сияқты алтынынан жасалған тәж, кеудеге тағатын алқалары және құнды бұйымдары қойылды. Дала аристократиясы өкілдерінің қабіріне қысқа аяқты ағаш үстел, сумен және сусындармен толтырылған сазды ыдыстар, ет бөліктері салынған табақтар да қойылған. Ежелгі көшпенділер бұлардың барлығы тіршілік әлемінен басқа әлемге – рухтардың жеріне сапар шеккенде қажет болады деп сенді.
Кейінірек, құрғақшылықтың салдарынан бүкіл әлемде аңызға айналған грифондар, аримаспылар, аргипепиялар мен исседондар әлемнің түкпір-түкпіріне таралып қоныстанған екен. Ғалымдардың пайымдауынша Шығыс Қазақстан жері бүкіл түркі әлемінің бесігі болды, ал ежелгі түріктер – қазақ халқының тікелей ата-бабалары. Тарихшылар бұл жерлерді қыпшақтардың (ежелгі орыс жазбаларында «половций» деп аталған) – негізінен көшпелі мал шаруашылығы мен қолөнермен айналысатын түркітілдес халықтың отаны деп санайды. Осы қазақ жерінен қыпшақ мәдениеті этностарға, тілдер және діндер бойынша бүкіл әлемге тарады. Жер жүзіне таралу кезінде қыпшақтар өздерінің түркілік батылдықтарын жоғалтқан жоқ, мысалы, Кавказда олар сельджук түріктерінің шабуылын тоқтатты. Қыпшақтардың жауынгерлік ерлігі туралы қазақ халқының мақал-мәтелері бар: «Қай жерде батылдық бар болса, жеңіс сол жерде», «Қатты жерге – қақ тұрар, қайратты ерге – бақ тұрар», «Ерлік білектен емес, жүректен», «Ердің ісі – елдің мойнында, Елдің ісі – ердің мойнында».
Бізге жазыңыз, біз сізге жақын арада хабарласамыз