ИНТЕРНЕТ-ПОРТАЛ

ИНТЕРНЕТ-ПОРТАЛ

Search
Close this search box.

Аманат мазарының тарихы

Көне Аңыз-әпсаналар » Аманат ауылының тарихы

Күршім өңірінің сайын даласында аңызға айналған жападан жалғыз мазар тұр. Жергілікті халық оны Аманат мазар деп атап кеткен. Ол осында жерленген адамның тыныштығын сақтап, тірілерге бұл өмірдің баянсыздығын еске салғандай. Жақын жерде осы аттас ауыл бар.  Мазардың пайда болуы туралы ел арасында аңыз сақталған.

 

Оқиға Ақ тышқан жылы болса керек. Қазақ даласында Ақ тышқан жылы болған жұт ел есінде. Сонау алыстағы Сырдария жағасынан Алтай тауларына мыңдаған табын мал айдап келген бай осы өңірге қоныстануды көздейді. Табын мал ұзақ жолды сәтті еңсеріп, Мыңшұңқыр алқабына келіп тоқтайды. Бұл алқап малға жайлы, суық желден қорғайтын биік жартастар қоршаған қолайлы мекен екен. Осы маңға жеткенде қыс басталып кеткендіктен, осында қыстауға шешім қабылдайды. Табыншыларды жас жігіт – байдың ұлы басқарады. Ол отбасындағы жалғыз ұл болғандықтан әкесі алыс сапарға жібергісі келмейді. Бірақ жас жігіт атын ерттеп, жылқыларына өзі бас-көз болатынын айтып, алған бетінен қайтпайды.

Сырдария бойынан келген ел қардың кетуін, көктің шығуын асыға күтеді. Күн жылынып, жер қарайса өз туған мекендеріне қайтатын уақыт та келер еді. Сол күнге аз-ақ қалғанда жас батырдың аты көп моланың біріне сүрініп, иесімен қоса құлайды. Ауыр жарақат алған жігітті қоныстарына әкеліп, емдегенмен, жас батыр оңалмайды. Қыстай асыға күткен көктемнің шуақты күнінде жас жігіт мәңгіге көз жұмады. Күн жылынып кеткендіктен жігіттің денесін туған жеріне жеткізу мүмкін емес еді. Қаралы хабарды жеткізу үшін Сырдария өңіріне хабаршы аттанады. Жалғыз ұлының жаманатын естіген бай туған-туыстарымен Мыңшұңқыр алқабына келіп жетеді. Қайғыдан қабырғасы қайысқан бай жұттан аман қалған барлық жылқының құйрық-жалын күзеуге бұйрық береді. Көп жылқының жал-құйрығын балшықпен араластырып, биенің сүтіне илеп, кірпіш құйдырған екен. Сол кірпіштен жалғыз ұлына мазар тұрғызыпты.

Алыстан келген туыстары қырық күн бойы жалғыз мұрагерді жоқтап, аза тұтады. Өз еліне аттанар уақытта бай жергілікті халыққа ұлының мазарын бұзбай сақтауды аманат етеді. Сөйтіп мазар «Аманат» атанса керек. Мазардың жанындағы балықшы ауылы да Аманат атанып кеткен деседі. Аңыз болса да шындыққа жанасады. Географиялық аймақ, елді мекен бар.

Ал Мыңшұңқыр алқабында болған адамдар сол жерде еңсені көтертпейтін биоөріс бар деседі. Өлке тарихына үңілсек, бұған да түсінік табуға болады. Тура осы алқапта қазақтардың жоңғарлармен кескілескен шайқасы болыпты. Қан судай ағып, екі жақтың мыңдаған сарбаздарының басы шабылған. Сондықтан халық арасында «Мың мола» атауы қалып қойған. Осы жерге жақын «Ойран» деп аталатын тағы бір жер – тарихта болған кескілескен шайқастың нақты көрінісі.

Сұрақ немесе
ұсыныс бар ма?

Бізге жазыңыз, біз сізге жақын арада хабарласамыз