© 2023. anyz.pushkinlibrary.kz Барлық құқықтар сақталған.
Экраннан оқу құралы
Бұрынғы өткен заманда бір шал мен кемпір өмір сүріпті. Олардың дәулеті шағын болғанымен, ақыл-парасатқа, ойға бай адамдар екен. Солардың жан дегенде жалғыз бір баласы болады. Уақыт өз дегенін алмай қоя ма?! Жасы жетіп қартайған шал мен кемпір күндердің бір күнінде ауруға шалдығыпты. Бірте-бірте аурулары меңдеп, асқынып, екеуі де төсек тартып жатып қалады. Жанталасқан жалғыз баласы көрші ауылда тұратын бір емші ақсақалға барып, аурудың емін сұрайды. Сырқаттың жай-күйімен сырттай танысқан емші өзінің өмір тәжірибесіне сүйене отырып, аурудың сырын ашыпты. Сөйтіп, ол ұзақ ойланып барып жігітке былай дейді: «Шырағым, бұл оңайлықпен жазылатын жеңіл-желпі сырқат емес. Егер шынымен ата-анаңа жаның ашыса, күннің шығысына қарай сапарға аттан. Күн жүрерсің, түн жүрерсің, ай жүрерсің, сөйтіп биік таулы бір өлкеге жетерсің. Сол жерде бір үңгірді мекендеген, қабақтарын ағаштың бұтақтарымен көтеріп қойып қарайтын, бурыл сақалы беліне түскен бір қарияға тап боласың. Ол менің ұстазым, мың жыл ғұмыр кешіп келе жатқан адам. Аурудың емін сол кісі ғана айта алады».
Осы әңгімеден кейін жас жігіт ата-анасына ем іздеп жолға шығады. Емші айтқандай, араға бірнеше ай салып сол жерге жетіп, қарияны табады. Қария оң жақ қабағын ағаштың бұтағымен көтеріп қойып: «Қарағым, келгенің дұрыс болды. Ол ауру «безгек» деп аталады. Оны емдейтін шөп осы өлкеде ғана өседі. Лайым, ата-анаңның дертіне дәру болсын», – деп, бір түйнек шөпті жігіттің қолына ұстатады.
Қуанышы қойнына сыймаған жігіт еліне қайтып оралады. Әлгі шөпті қайнатып ішкізіп, әкесі мен шешесін емдепті. Аз ғана уақыттың ішінде сырқат кісілер дертінен айығыпты. Кейін осыны естіген маңайындағы дертті жандар әлгі жерге барып ем шөпті алып келу үшін жаңағы жігіттен жолды сұрапты. Сонда жігіт: «Күннің шығысына қарай алты ай жүріп жетесіңдер, қайтарда алты ай жүріп келесіңдер», – депті. Сонан жаңағы таулы өлке «Алтай» деп аталып кетіпті.
Бізге жазыңыз, біз сізге жақын арада хабарласамыз