© 2023. anyz.pushkinlibrary.kz Барлық құқықтар сақталған.
Экраннан оқу құралы
(Дереккөз: Щербаков, Б. В. Восточный Казахстан – край преданий, легенд… : [легенды] / Б. В. Щербаков // Ақ Ертіс. – 2011. – № 6. – С. 66-71)
(Елтай Елғон атымен белгілі өлкетанушы-жазушы Елтай Тұрлыбаевтың аузынан жазылған)
Ерте заманда Өскеменге жақын Қалба жоталары маңында, қазіргі Ұлан ауданы жерінде шопандар мен малшылар мекендепті. Үйір-үйір жылқы мен отар-отар қойдың иесі Сарықұл деген бай екен.
Әр үйірге өз айғыры иелік етеді. Сарықұлдың жылқыларының басы – Сарыала айғыр атты мықты айғыр болады. Сарыала айғыр табынды қасқырлардың шабуылынан қорғап, биелердің басқа жаққа қаңғып кетуіне жол бермейді. Сол жылдары мал баққан қазақ үшін ең қауіпті қасқыр емес, ел басына туған жұт еді. Жұт жылдары мал қырылып, азықтың жоқтығынан шопандар ағаштың қабығы мен бұта-қарағанның басын көктемге дейін малға талғажу етеді. Жайылымды мұз құрсаулап, мал тебіндеп жайыла алмай, көтеремге ұшырайтын. Мұндай кездерде тәжірибелі малшылар үйір басының түйсігіне сенеді екен.
Үйір басқарып жүрген кәнігі айғырлар қыстың қалай боларын алдын ала сезіп, үйірін қыстан жеңіл шығатын аймаққа жетелейді екен. Осы жұт жылы да солай болды. Табын иесі Сарықұл өз үйірінің басы – Сарыала айғырға сенім артуды жөн көреді. Айғыр да келе жатқан жұтты сезгендей жайылымдық іздеп алқаптарды аралап кетеді. Ол іздегенін тапқандай болып, сол жаққа үйірін ертіп әкетеді. Сарықұл да өз адамдарымен жылқылардың соңынан ереді. Сарыала айғыр таңдаған алқап – Өскеменнің іргесіндегі Ұлан ауданының жері еді. Сөйтіп ауыл Алмасай шатқалына қоныстанады. Сарыала айғырдың түйсігі алдамапты. Мал жұттан аман шығып, шағын Сарыөзек өзенінің бойындағы алқапта Алмасай ауылының іргесі қаланған екен.
Бізге жазыңыз, біз сізге жақын арада хабарласамыз