ИНТЕРНЕТ-ПОРТАЛ

ИНТЕРНЕТ-ПОРТАЛ

Search
Close this search box.

Ақ бауырдың жұмбағы

Көне Аңыз-әпсаналар » Ақ бауырдың жұмбағы

(Шығыс Қазақстанның аңыздары, ертегілері = Легенды, сказания Восточного Казахстана. – Семей : Артекс, 2018. – 122 б.)

Мың жыл бұрын бұл жер көк майса шалғын шөп болған екен. Адамдарының тіршілігі де өзгеше еді. Ер адамдар бірігіп аңға шықса, әйелдері маңайдан жидек-бүлдірген жинайтын. Табиғаттың берген сыйын дер уақытында жинап алуға тырысатын. Бір отбасы мал өсірсе, енді бірі жер жыртып, бидай егетін. Қару-жарақтары тастан жасалса, киген киімдері аң терісінен тігілетін. Кешкілік алаулап жанған отты айнала отырып, үлкендердің әңгімесін тыңдайтын. Олар маңайдағы тау-тастың сырын, аң-құстың жүрген жерін, өсімдіктердің түрлерін сөз ететін. Ақсақалдар жастарды өнерге баулып, жыл мезгілдері, дәрілік және улы өсімдіктер, жануарлар мен құстардың әдеттері жайлы әңгімелеп, ата-бабаларының ерліктерін баяндайтын. Табиғат пен өздерін салыстыра мұқият бақылай отырып, өздерін қоршаған ортаны түсінуге тырысатын.

Тастарға өздеріне кезіккен аңдардың суретін салып, оны күйе, бор, сазды ұнтақ, май араластырылған бояумен бояйтын. Бұғыларды маңғаз жүрісті, жылқыларды шауып бара жатқан күйінде,  қабандарды ызалы, ал аюларды күшті әрі сабырлы етіп бейнелейтін. Суреттер анық, айқын болу үшін адамдар бойына жарықты жинап, қараңғыда нұрын шашып, көрініп тұратын арнайы бояуды ойлап табады. Жарқыраған бояуды олар құрбандыққа шалынған жануарлардың бауырынан жасап, оған тек өздеріне ғана мәлім шөптерді қосты.

Тайпа көсемі Зиялы ақсақал өте көреген адам еді. Ол халқын алауыздықтан сақтап, жұртты бауырлас адамдардай етіп ұстайтын. Жасы келіп қалған Зиялының парасаттылығы, білімпаздығы мен ақылы өз заманынан әлдеқайда ілгері еді. Ол күн сайын табиғаттағы өзгерістерді, аспан мен жұлдыздардағы құбылыстарды бақылап, байқағанын құпия таңба, белгілермен ағаштың қабығы мен саз тақтайшалардың бетіне түсіріп отыратын. Бірақ, ақсақал неғұрлым көп зерттеу жүргізген сайын, тайпаластарының бұл жазуларды түсінбейтіндігі туралы ой оны қатты алаңдатады, тек кейінгі ұрпақ бәрін түсінуі мүмкін…. Қарт: «Барлық баға жетпес құпияларды болашақ ұрпақ пайдалана алатындай жерде сақтауым керек», – деп шешеді.

Зиялы ақсақалдың Зерек атты жас, ақылды көмекшісі болады. Ол балаға асқан шыдамдылықпен өз ісін үйретіп жүретін. Күндердің күні көп ойланып, данышпан шәкіртін қасына отырғызып былай дейді:

– Балам, мен қартайдым, сен ақылды әрі алғырсың. Сен менің жиған қазынамды сенімді бір жерге жеткізуің керек. Болашақта Ай мен жұлдыздарға сапар шегетін арманшыл да білімді адамдар өмірге келер. Дәл солар осы таңба, белгілерде жасырынған құпияны ашар…

Ақсақал балаға қажетті аңғарға жетер жолдың өте ұзақ екенін ескертеді,  жол соңында ол ақ тауға келіп жетуі керек. Ақсақалдың батасын алып, Зерек жолға шығады. Жүйрік желмен жарыса күн жүріп, ай жүріп, өзі де желаяққа айналады.  Қолын алға қарай созып, желмен бірге құс тәрізді жоғары көтеріліп, ауада самғай жөнеледі. Бірде ол ұшып бара жатып, төменде тауды көріп, үлкен тасқа келіп аялдайды. Жолдан шаршаған Зерек қай жерге келгенін түсінбей,  айналасын барлай бастайды. Көп тастың арасынан бір саңылауды көріп, оған еңкейіп қарай бергенде, кенет төменге құлап түсіп, есінен танып қалады. Есін жиғанда, үңгірде жатқанын көріп, сол жерде түнеп шығуды ұйғарады. Сол түні оның түсіне Зиялы ақсақал еніп: «Сен менің ойымнан шықтың. Іздеген жеріңді таптың. Енді менің асыл мұрамды ұрпаққа қалдырудың жолын ойла. Болашақ ұрпақ кейін бұл таңба-белгілердің сырын ашу үшін міндетті түрде оларды табуы керек. Бұл адамзаттың игілігі үшін ғылымға апарар жол болмақ!», – дейді. 

Зерек оянып, айналасына қараса, үңгір қараңғы әрі кең еке. «Егер мен ақсақалдың бар білімі жасырылған құпияға толы ағаш қабықтары мен саз тақталарды жерге көмсем, олар шіріп, жазулары жоғалып кетуі мүмкін», – деп ойлаған Зерек, оларды сол үңгірдегі тастарға қайта жазып шығуды ұйғарады. Ол асатаяғын ақсақал берген өшпейтін бояуға малып, тасқа ақсақалдың жазбаларын түсіре бастайды. «Бұл не болуы мүмкін? – деп ойлайды бала. – Жерге өзге ғаламшарлық кеменің келуі ме? Халықтардың қоныс аудару жолнұсқасы ма, әлде басқа ма? Түсініксіз…» Ол тасқа петроглифтер мен сызбаларды мұқият түсіреді, бірақ құпия таңбалардың шешуін таба алмады.

Аш әрі әбден қажыған Зерек зорға дегенде үңгірден шығып, үңгір маңында ағып жатқан бұлаққа әзер жетеді. Шөлін қандырып, маңайына көз салса, аңғарға орналасқан ақ тауды көреді. «Бұл мен іздеген Ақ, Бауыр ғой! Зиялы ата оны қайдан білді екен?», – деп таң қалады. Осылайша, Зерек бұл жерге «Ақ бауыр» деп ат қойғанын да байқамай қалады.

Тапсырманы орындап, бала Зиялы ақсақалға жетуге асығады.

Сұрақ немесе
ұсыныс бар ма?

Бізге жазыңыз, біз сізге жақын арада хабарласамыз