ИНТЕРНЕТ-ПОРТАЛ

ИНТЕРНЕТ-ПОРТАЛ

Search
Close this search box.

Абыралы

Белдеуден ат кетпеген, аттан тоқым түспеген жаугершілік заманда елі мен жерін қаһарлы дұшпаннан қорғай білген Әлі деген қазақ батыры өмір сүріпті. Батырдың атағының халыққа тарағандығы сонша – оның атын естігенде жаулары қылышын қынынан суыра алмай, безгек ұстаған адамдай қалт-құлт етеді екен.

Күндердің күнінде жоңғарлар қазақ еліне басып кіреді. Жау шапқанда батыр қалай жайланып жата алады, қол жинап Әлі атқа мінеді. Екі жақтың әскерлері бір биік таудың етегінде кезігеді. Үш күн, үш түнге созылған қырғын шайқас болады. Әбден қалжыраған жасақшылар төртінші күн дегенде жекпе-жек сайысқа кіріседі. Жоңғар әскерлерін бастап келген Әбір деген батырға Әлі қарсы шығады. Күн арқан бойы көтерілгенде басталған жекпе-жек, ұясына қонғанша созылады. Жекпе-жектің жалғасын ертеңге қалдырып, қостарына қайтып бара жатқан кезде қалмақтың батыры Әбір Әліні сұр жебемен атып өлтіреді. Өзегін намыс өртеген батырдың қарындасы Гауһар ерттеулі тұрған атқа міне салып, қалмақ батырын соңынан қуып жетіп, басын қылышпен шауып түсіреді. Басшылары қаза тапқан екі жақтың әскерлері шайқасты кейінге қалдырып қайтады. Екі батырдың сүйегін биік таудың баурайына жерлейді. Сөйтіп, сол таудың аты қос батырдың атымен Әбірәлі, кейінірек «Абыралы» болып аталып кетеді.

Сұрақ немесе
ұсыныс бар ма?

Бізге жазыңыз, біз сізге жақын арада хабарласамыз