© 2023. anyz.pushkinlibrary.kz Барлық құқықтар сақталған.
Экраннан оқу құралы
(Шығыс Қазақстанның аңыздары, ертегілері = Легенды, сказания Восточного Казахстана. – Семей : Артекс, 2018. – 122 б.)
Осыдан үш-төрт ғасыр бұрын Қазақстанның Шығысын жоңғарлар басып алып, Жоңғар хандығын құрмақ болады. Шырайлы Шығыста тамырын кеңге жаюды көздеген жоңғарлар бірінші кезекте будда храмы мен монастырь салуды қолға алады. Сөйтіп, жоңғар билеушісі Абылай бірінші кезекте тастан қорған салып, оны қарулы әскерімен қоршайды. Қорған негізін салушы Абылайдың құрметіне Абылайкит деп аталады («кит» сөзі мұқият нығайтылған монастырь мағынасында).
Қорғанның қақ ортасына будда храмын тұрғызады. Қабырғасын ақ кірпішпен қалап, мұнарасын көк таспен қаптайды. Оның дәл ортасына адам бойындай алтыннан құйылған будда мүсіні орналастырылады. Қонаққа арналған бөлмелері жарық әрі кең, қабырғалары фрескалармен өрнектелген, тас тақтайшалы едендеріне көне қытай жібек кілемдері төселеді. Алайда Абылайдың өзі мен оның маңайындағылар шағын ғана киіз үйлерде тұрады.
Бекіністің ішінде ешқашан тартылмайтын шағын, бірақ терең, балығы көп көл болады. Ондағы су қап-қара болып көрінгенімен, алып ішкен сәтте таза, мөлдір әрі дәмді суға айналады. Көл жағасында жылдың кез келген мезгілінде үлкен табынды асырауға жететін шалғын шөп өседі.
Ал қорғанның сыртына айналдыра ор қазып шығады. Күндердің бір күні Абылайға жоңғар қолбасшыларының бірі Қалдан келеді. Жай келген жоқ, Абылайдың байлығы мен жерін тартып алуды мақсат етеді. Қазылған ор шабуылдаушыларға қорған ішіне кіруге кедергі жасайды. Қоршау біраз уақытқа созылады. Абылайдың әскері ұзақ қарсыласады. Ұрыс арасында Абылайдың нұсқауымен будданың мүсінін көлдің түбіне батырып жібереді. Ал қалған қазына маңайдағы қорым тастардың арасына жасырылады.
Сол уақытта Абылай әскерінің ішінен сатқын шығып, қақпаны ашып жібереді. Бірақ Абылай мен жақындары қалың қабырғадан жасалған бөлмелердің біріне жасырынып, түн қараңғысында күзет қырағылығы әлсіреген сәтте құпия жолмен қашып үлгереді.
Басқыншылар будда мүсінін таба алмайды. Есесіне мұнарасы көк тіреген храмды, монахтардың тұрғынжайларын өртеп, тонап кетеді. Дегенмен, кейбір қолжазбалар мен ежелгі орамдар сақталып қалады.
Бізге жазыңыз, біз сізге жақын арада хабарласамыз