© 2025. anyz.pushkinlibrary.kz Барлық құқықтар сақталған.
Экраннан оқу құралы
Қазақтың қанына сіңген әдеті мен дәстүріне сәйкес жер-су атауларына жергілікті халық ішінен ел мен жерге еңбегі сіңген би-батырларының атын беру немесе сол жерде қаза болған адамның есімімен атау ертеден келе жатқан дәстүр.
Жоңғар, қазақ, шүршіт соғысының соңы болар, алты қаратайдың бірі Бескенің баласы Шерушіден тараған ұрпақтарды былайғы жұрт «бес шеруші» деп атаған екен. Осы «бес шерушінің» үлкені Шақадан Жәнібек, Көшкінші, Көлібай, Бәубек атты төрт ұл туады. Шақаның басқа балаларына қарағанда Жәнібек әулеті Шеруші ұрпағының ішінде өсіп-өнгені. Жәнібектен Тоғамбай, Жұмық, Мама, Сақан, Орыс, Тайбұға, Тайлақ, Балапан, Қырғыз атты тоғыз ұл өрбісе, Жәнібектің алтыншы ұлы Тайбұғадан да тоғыз ұл тарап қаратай елінде «Тайбұғаның тоғызы» деген сөз қалады. Осы Тайбұға қартайып, жасы жетпістен асқан шағында өз иелігінен ұлдарына жер беріп, малдарынан еншілерін таратып, Нарын мен Шыңғыстай болыстықтарында орналасқан қазіргі Майемер ауылының маңындағы қоныстарды балаларымен аралап шығып, өзі Нарын өзенінің бойында отырған ауылына жалғыз қайтады. Ауыл арасы алыстау болса керек, жалғыз келе жатқан Тайбұғаға сол маңдағы қалың тоғай ішінде жасырынып қашып жүрген қалмақтар кезігіп, солардың қолынан қаза табады. Болған қазалы оқиғаны ағайындары қаратайдың басқа руларына естіртіп, көп қол жиналған соң, жасанған жасақ Алтай тауының бөктері, қия-жоталарын, қоныш-қолаттарын судан балық сүзгендей сүзіп шығады. Шайқаста қашқын қалмақтар қырылып, алтауы қолға түседі. Қара ағаштай қалың қаратай жасағы жеңіске жетіп, екі ел арасындағы бейбіт келісімді бұзған тұтқын қалмақтарды қаза болған Тайбұғаның ұрпақтарының қолына беріпті. Екі жақтан да шығын болған қанды ұрыс Майемер өзеніндегі өткелдің теріскей тұсы болса керек. Қандары қарайып алған Тайбұғаның ұрпақтары алты қалмақтың басын кесіп алып, сол маңдағы теректің бұтақтарына кигізіп қойып, бассыз денелерін іргеде ағып жатқан Майемер өзеніне ағызып жіберіпті. Алтайдың қалың терісті тоғайларына жасырынып қалып қойған қалмақтар болса, шошынып енді қайтып жоламай жүрсін деген ниеттері болса керек. Сол күннен бастап қалмақтардың басы алынған алаңқайлы жазықта «Алтыбас» деген жер атауы қалды деген сөз бар ел аузында.
© 2025. anyz.pushkinlibrary.kz Барлық құқықтар сақталған.
Экраннан оқу құралы
Бізге жазыңыз, біз сізге жақын арада хабарласамыз