ИНТЕРНЕТ-ПОРТАЛ

Search
Close this search box.

Үркінші

(Катонқарағайдың тумасы, Қазақстан Жазушылар одағының және Журналистер одағының мүшесі Жәнібек Қызырдан жазып алынды)

 

Аршатыда Үркінші деген жер атауы бар. Жер атауы бір байдың есімімен аталса керек. Қазанғап есімді өте бай адам болыпты. Ал Үркінші сол кісінің ұрпағы екен. Үркінші тентектеу, көріпкелдігі бар адам болса керек. Ол орта жасқа келген кезде маңайдағы туыстары сен мына тентектігіңді қой, кішкене иманға кел, құдайды аузыңа алып, құлшылық жасау керек дейді. Оған ораза ұстатапақшы болады.

Үркінші менің отыз күнге төзімім жетпейді, үш күн ұстауға бола ма? дейді. Сөйтіп, жайлауда киіз үй тіктіріп үш күн ораза ұстайды. Үш күннен кейін далаға шығып қараса, тоқымдай қара бұлт шығып жүзіп келе жатыр дейді. Содан атты әкеліңдер деп нөкерлеріне бұйырады. Алып келген атқа міне беріп, сендерге залалым тимесін деп айтып, шаба жөнеліпті.

Ауылдың сыртына жете бергенде атына жай түседі де өзі аман қалады. Орнынан тұра бергенде Құдайға мені дәлдеп атып едіңіз, бірақ тигізе алмадыңыз деп боқтаңқырап жібереді. Сонан кейін өзінің қателігін түсініп, Алла тағалаға тілім тиді ғой, мен ұзаққа бармаймын деп өлуге дайындалады.

Үйіне барып бір қойды сойғызып, қанжығасына бөктеріп алып, ел аралауға кетеді. Ауыл ауылды аралап, оған мал сойып бата жасатқанда, сойған малдың етін астырмай, өзінің алып барған етін астырып, келесі үйге барғанда өзіне арнап сойған етті апара берген екен. Сөйтіп, бірнеше ауылды аралап келіп, отбасымен, әулетімен қоштасып о дүниелік боламын деп төсегін салдырып жатады. Сол кезде баласы келіпті. Жалғыз ұлы аңға қақпан құрып кетіп едім, қарап келейін дейді. Сонда Үркінші егер сен ақшамға дейін келмесең мені көре алмайсың, ал көре алмасаң сен тақыр кедей боласың депті. Сөйтіп, «ақшамға дейін қайтып оралам» деп баласы кетеді. Бірақ ол жаққа барғанда қақпанға түскен аңын таба алмай, олжасыз қайтуға ыңғайсызданып, іздеуін жалғастыра береді.

Үркінші сол жатқан төсегінен түсіп, үйінде отырған кісілердің ортасына кіріп, «Алла тағала мен дайынмын,ұмай  ала бер» деп жүріп кетеді.

Айтқанындай баласы кешігіп келеді, әкесін көре алмайды. Артынан әкесі айтқандай тақыр кедей болып қалыпты деген аңыз бар.

Сұрақ немесе
ұсыныс бар ма?

Бізге жазыңыз, біз сізге жақын арада хабарласамыз