ИНТЕРНЕТ-ПОРТАЛ

Search
Close this search box.

Тас мүсін әйел

Көне Аңыз-әпсаналар » Тас мүсін әйел

Өскемен қаласынан онша алыс емес, мөлшері он алты шақырымдай жерде қазіргі Прапорщиково ауылының жанында Қызылтал деген жер атауы бар. Бұрынғы замандарда сол жерде үлкен елді мекен болған. Осы Қызылтал қонысының басы ойпаңдау болып басталатын жылғалы аңғардың түстік жағында қой қотанының орнындай қалың тал мен терек өскен тоғай бар.

Осы шағын дөңгелек тоғайдың теріскей тұсында бетегелі дегелең жотаның үстінде тас үйінділері мен ескі қорым зираттар алыстан көзге шалынады. Кейін Кеңестік заманда тастарын алып тастап тегістеп егістік жерге айналдырып тастапты. Осы зираттардың орта тұсына таяу мөлшерде қолына тастан ойып жасалынған құманы бар әйел адамның мүсіні тұрған екен. Осы құлпытастағы әйел бейнесінің шығу тарихын сол жерді мекендеген жұрт әртүрлі мағынадағы аңыздар арқылы әңгімелеген.

Бірінде ол әке-шешесінің ризашылығымен ұзатылмай, өзінің жақсы көрген жігітіне сүйіп қосылыпты. Ежелден келе жатқан салтымызға қарсы болып елге қарар бетіміз қалмады деп әкесі теріс батасын, шешесі ана қарғысын айтып, Алладан қыздарын қатаң шариғат жолымен жазалауын сұраған деседі. Сонда Раббым ата-анасының тілегін қабыл алып, қызды тас мүсінге айналдырып жіберіпті.

Енді бір аңызда сонау баяғы көне замандардың бірінде сол қорымға артында ұрпағы жоқ бір адамды бар байлығымен бірге жерленіпті. Шариғат заңында мәңгілікке тыныс тапқан аруақтар мекенінің ешкім тыныштығын бұзып аруақтарды мазаламайды деген қағиданы ұстанған көпшіліктің ешқайсысы көп байлықты қайта қазып алуға батылдары бармаған екен. Арада талай жылдар өткенде көп байлыққа қызыққан бір бейбақ әйел ел-жұрт көрмесін деп қас қарая сол қорымға барып, көмілген алтын-күмісті алу үшін қаза бастапты. Түнімен тоқтамастан қазған ол таң алдында қабір ішінен алтын құман тауып алған сәтте күн де шығыстан алабарқындай бастаған сәт болса керек. Таң атып қалғанын көрген әйел ел орнынан тұрып, өзі көпшіліктің көзіне түсіп қалмайын деп ары қарай қабірді қазуын тоқтатып, кеш бата тағы келермін деп тапқан олжасы алтын құманын қолына ұстап шұңқырдан шығып, енді ауылға бұрылғанда, күн шығып кетіпті де Алланың әмірімен жаңағы әйел тас мүсінге айналып кетіпті.

Таң ата көпшілік ескі қорым басындағы биік құлпытасты көздері шалып, таңырқап, бәрі жиналып зират басына келсе, қазылған қабір мен тас мүсінге айналған өз ауылдасын көріпті. Қалың көпшілік қазылған қабірді қайта топырақпен толтырып қалпына келтірген екен. Ал қарғыс атып тасқа айналған әйелді қалған дәуірде де қай заман болсын, осы қорымдарды тонамақшы болған қара ниеттілерден қорғап тұрсын деп, сол орнында, сол қалпында қолына ұстаған құманымен көмусіз қалдырыпты деген сөз бүгінгі күнге дейін ел аузында.

Жылдар өте қазақ-жоңғар соғысы тұсында Қызылтас аңғарындағы жерлерін тастап, босқын болып жергілікті қазақ жұрты көшіп кетеді. Көп ұзамай иен қалған жерлерге орыс переселендері көптеп келіп Прапорщиково ауылының іргетасын қалайды. Енді осы ауылға қатысты әлқиссаның жалғасы былай өрбиді.

Сол ауылдағы бір орыс шаруасы ескі қазақ зиратындағы қолына құман ұстаған әлгі құлпытасқа көзі түсіп, өзінің ауласын көркейту мақсатымен орнынан қазып әкеліп үйінің жанына қойыпты. Сол күннен бастап орыс шаруасының алдымен қаз-тауықтары, соңынан малдары күнде бір-бірден қырыла бастаған екен. Біраз уақыт өткен соң әйелі де көз жұмған деседі былайғы жұрт. Осы уақытқа дейін өзінің үйінде мұндай кесапатты көрмеген орыс шаруасы әйелін жерлеп болған күні тас мүсін құлпытасты өз орнына қайта апарып қойыпты. Сол күні түнде орыс шаруасының түсіне құлпытастағы қазақ әйелі «Мені тура өз орныма қоймадың және бір жағыма қисайтып орналастырдың» деп қаһарлы дауыспен аян беріп мазасын алған деседі. Ертеңінде таң ата орыс қорым басына қайта барып тас мүсін құлпытасты өзінің бұрынғы орнына сол қалпында орналастырып үйіне қайтады. Сол күннен бастап оның ауласындағы малы мен үйіндегі жаны тыныш аман-есен өмір сүре бастаған екен.

Осы оқиғадан кейін Прапорщиково ауылын мекендеген орыс переселендерінің көбі ескі дін ұстағандар сол ескі қазақ зираттарына баруға қорқып, сырт айналып жүретін болыпты.

Дегенмен, сол құлпытастағы құман ұстаған тас мүсін араға қаншама жылдар мен ғасырлар салып төмендеп, жерге бірте-бірте сіңіп болғанша сол мекенді жайлаған переселендердің ұрпағының үрейін ұшырып, маңына жоламай айналып жүретін халге жеткізген деген аңыз бар.

 

Сұрақ немесе
ұсыныс бар ма?

Бізге жазыңыз, біз сізге жақын арада хабарласамыз