© 2025. anyz.pushkinlibrary.kz Барлық құқықтар сақталған.
Экраннан оқу құралы
Кең байтақ қазақ даласының шығысында кербездене Тарбағатай таулары орналасқан. Бұл көне өлке түрлі кезеңдерде осында өмір сүрген ұлы адамдар туралы көптеген аңыздарды сақтап келеді. Солардың арасында ерекше орын алатыны – көріпкел Өрік.
Өрік Жұмық Қараша руының жерінде, Тарбағатай тауының теріскейінде өмір сүрген. Оның көріпкелдік қабілеті халық арасында кеңінен танымал болады. Өрік тек өз руында ғана емес, бүкіл өңірде өзінің болашақты болжай алатын қасиетімен ерекшеленіп, адамдар оның айтқанына құлақ асып, кеңес сұраған. Бұл жер әлі де Өрік көріпкелдің атымен аталады.
Бірде Марқа өңіріне аты кең тараған Жақсыбай деген болыс Тарбағатай тауын аралап, ел-жер көріп, Жұмық, Сатының қонақжайлылығына риза болып, қайтар жолында Өрік көріпкелге сәлем беруге бұрылыпты. Болыс қайтар кезде одан «маған не айтасыз?» дегенде, көріпкел Өрік: «саған айтар екі ауыз сөзім бар, біріншісі – әкеңіз ана дүниеде үш аяқты ат мініп жүр, ал екіншісі – тоғыз күн, осы тоғыз күнде үйіңізге жетіп ел-жұртыңызбен, ағайын, туған-туыспен қоштасып қалыңыз» деген екен. Болыс атына мініп, сіз нағыз көріпкел екенсіз деп рахметін айтып аттанып кетіпті. Ал болыстың жанына ерген шабармандар еш нәрсенің мәнін, болыс пен көріпкелдің не жайлы сөйлескенін түсінбепті.
Тоғыз күнде еліне жеткен Жақсыбай болыс соңғы демі үзілерде жанына ерген шабармандарына Өрік көріпкелдің сөзінің мән-жайын айтыпты: «Біріншісі – әкеңіз үш аяқты ат мініп жүр дегені, сонша көп мал тұрып, әкемнің асына аяғы кем жылқы сойдым. Ал, екіншісі – тоғыз күнде үйіңе жет дегені, менің жіңішке аурумен ауырып жүргенімді және тоғыз күндік көрер жарығым қалғанын дәл айтты. Ал ауырып жүргенімді ағайын-туған да, жанымда жүрген сендер де білген жоқсыңдар», – деп көз жұмған екен.
Міне, бұл Өрік көріпкелдің сол замандағы ерекше қасиет қонған адам екенін білдіреді. Бұл ұрпақтан ұрпаққа жетіп, халық жадында сақталып келе жатқан аңыз.
© 2025. anyz.pushkinlibrary.kz Барлық құқықтар сақталған.
Экраннан оқу құралы
Бізге жазыңыз, біз сізге жақын арада хабарласамыз