© 2025. anyz.pushkinlibrary.kz Барлық құқықтар сақталған.
Экраннан оқу құралы
(Дереккөз: Келгембаева Бақытжан. Ел мен жер тарихы: оқу құралы. – Өскемен: Медиа-Альянс, 2005. – 168 б.)
Шығыс Қазақстан облысы, Күршім ауданында «Әулие тау» атты ұзындығы біршама жерге созылған биік жоталар тізбегі бар. Сол таулардың басталар жерінде «Әулие бастау» деп аталатын суы шыныдай мөлдір, қысы-жазы бір тынбастан бүлкілдер шығып жататын сұп-суық бұлақ бар. Айналасында қорек алар басқа су жоқ.
Бір ғажабы – бұлақ болып сылдырап ағып алысқа да ұзамайды. Түбіндегі күмістей жылтыраған аппақ таза құмды баяу бүлкілдетіп, өз көзін өзі ашып, тұп-тұнық суды сыртқа шығарады да, ол су алысқа сапар тартпастан 4-5 адым жерге кішкене арнасымен ағып барып, ізім-қайым жоғалады. Қыста қатпайды, не ортаймайды, не толмайды. Сол бір қалыпты әуезді сарынынан жаңылмайды.
Ертеректе түрлі аурумен ауырған адамдар, сәби аңсаған аналар сол бұлақ басына келіп түнеп, құдайдан мінәжат сұрайтын дейді үлкендер.
Айналасын көк құрақ пен бұталар басқан бұлақ басына үнемі ақ байлап, тиын-тебен шашып жүретін қариялар. Оның «Әулие бастау» аталуының себебі, құдайға құлшылық етіп келген ақ ниетті адал жандардың меселін қайтармапты, суына жуынған адам ауруынан құлан-таза жазылыпты дейді. Әулие бабаның табаны тиген бұл тау мен бұлақ айналасы киелі де қасиетті.
© 2025. anyz.pushkinlibrary.kz Барлық құқықтар сақталған.
Экраннан оқу құралы
Бізге жазыңыз, біз сізге жақын арада хабарласамыз