© 2023. anyz.pushkinlibrary.kz Барлық құқықтар сақталған.
Экраннан оқу құралы
(Шығыс Қазақстанның аңыздары, ертегілері = Легенды, сказания Восточного Казахстана. – Семей : Артекс, 2018. – 132 б.)
Бұл жерде Рахман деген қарт аңшы тұрған екен. Ол кісі құстарды және аңдарды аулағанды өте жақсы көрген. Адамдардың айтуы бойынша, ол ешқашан үйіне құр қол келмеген екен. Аң аулауға сәтсіз күндері, яғни, ешқандай аң ұстамаған кезде ол үйіне саңырауқұлақ, әртүрлі жидектер теріп әкеледі екен.
Бір күні ол үйден ерте шығып, күнделікті әдетімен орманға құс іздеп шығады. Аңшы орман ішіндегі жолмен кетіп бара жатқанда бұтақтың арасына бір дыбыс естілгендей болды. Ол аңның ізіне мұқият зер салып келе жатады. Осы кезде оған сәттілік серік болып, сол сәтте мүйізі қатпаған жас маралдың ізіне түсуге мүмкіндік туады.
Рахман аңшы ештеңеге көңіл аудармастан, аңның ізімен жүре береді. Біраз уақыттан соң ну орманның ішінен екі көзі жасыл боп жарқыраған марал көрінеді. Сезімтал марал адамға қауіппен қарайды. Мұндай мүмкіндікті жібергісі келмеген аңшы маралды атып түсіреді, марал болса оқ тиіп жараланады. Бірақ бір аяғынан жараланған марал барлық күшін жинап қашуға тырысады. Шаршаған Рахман «Менен ешқайда қашып құтыла алмайсың» деп ойлап, ары қарай жаралы маралды ізімен аңдып жүре береді.
Жаралы маралды соңынан іздеп келген аңшы Арасан көліне тап болады. Көлді биік таулар қоршап, көрінбей тұрған еді. Ол тегіс, бетін қою ақ тұман жапқан, ақ көпіршікті су екен. Қиналған жаралы марал көлге жетуге асығады. Келе сала көлдің суына кіреді, оның суға тереңдеп енгені соншалық, судың бетінен тек үлкен мүйізі ғана көрінеді. Керемет көріністен аңшы абдырап тұрып қалады. Көлден баяу үн естіледі…
Сөйтіп біраз уақыт өтеді. Рахман есін жиып, маралға жақындаған кезде ғажап көрініске куә болады, жаңағы ауыр жараланған марал ешнәрсе болмағандай қиналмай, жеңіл судан шығып келеді. Маралдың жарасы қансырағанын қойып, жазыла бастағанын көрген аңшы таң қалады. Маралдың денесі қайтадан қуаттанып, кербезденіп, көзді ашып-жұмғанша секіріп көзден ғайып болады.
Рахман аңшы өз көзіне өзі сенбейді. Таңғажайып жұмбаққа қатты таңқалады: қалайша жаралы марал жылдам өз қалпына келіп, күш-қуатын жинап алды? Бұл неткен құдірет?! Маралдың ізіне түсіп қалжыраған аңшы суға жақындап, шаң басқан бетін көл суымен жуады. Су оған жібектей нәзік, ананың алақанындай жұмсақ, жаңа сауылған сүттей жылы болып көрінеді. Бұл бір бақыт белгісі еді. Сосын аңшы тау көліне толық шомылуға бел байлайды. Ол бар бойымен жылы суға еніп, жылынады, судан шыққан соң өзінен ерекше бір сергектікті байқайды. Аңшыға күш-қуат бітіп, жүйкесі тыңышталады, кеудесі жеңіл, таза ауаға толады. Егде тартқан Рахман аңшының түрі жасарып, өңі кіреді. Ол тіпті буын мен бұлшық еттерінің сырқырап ауырғанын да ұмытып кетеді. Оған жастық кезі қайта оралғандай сезілді.
Сол күні ол үйге құр қол келгенімен, көлдің ғажайып қасиетіне куә болып, өзіне күш жинап, зор қуанышпен оралады. Бұл ғажайып туралы барлығына айтып береді. Осы сәттен бастап мыңдаған адам ғажайып көлдің емдік қасиетіне куә болу үшін көлге арнайы келе бастайды. Содан бері көл өзін алғаш ашқан адамның атымен «Рахман қайнары» аталады.
Бізге жазыңыз, біз сізге жақын арада хабарласамыз